Биыл елімізде 9 жаңартылатын энергия нысаны пайдалануға беріледі

17.06.2025 12:47

Үкіметтің басты мақсаты — елдің энергетикалық теңгеріміндегі ЖЭК үлесін 15%-ға дейін арттыру

Zbynek Burival/unsplash.com/

Биыл елімізде 9 жаңартылатын энергия нысаны пайдалануға беріледі. Бұл туралы ҚР ЭМ Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Жаслан Қасенов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

"Қазақстан бойынша 156 жаңартылатын энергия көзі (ЖЭК) іске қосылған, оның ішінде 63 жел және 48 күн электр станциясы бар. 2025 жылы жалпы қуаты 455,5 МВт болатын тағы 9 нысан пайдалануға беріледі. Қытай, Франция, БАӘ және Ресейдің стратегиялық инвесторлары Қазақстанмен 5 ГВт-қа жуық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруды жоспарлап отыр", - деді ол Power Central Asia + China өңірлік энергетикалық форумында энергетика саласындағы басты жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы айта келе.

Сондай-ақ ол Үкіметтің басты мақсаты — елдің энергетикалық теңгеріміндегі ЖЭК үлесін 15%-ға дейін арттыру екенін атап өтті.

"Осы мақсатта 2030 жылға дейін жалпы қуаты 2258 МВт болатын 91 жаңа жобаны іске қосу көзделіп отыр. Сол арқылы ЖЭК-тің орнатылған жалпы қуаты 10 ГВт-қа жетеді", - деді департамент басшысы. 

Оқи отырыңыз: Қызылордада есірткі қылмысына қатысты 22 адам ұсталды