Саланың экономикалық көрсеткіштері де айтарлықтай өсім көрсетіп отыр
2024 жылдың 9 айында ішкі туристер саны 562 мыңға артып, 6 млн адамға жетті. Ал шетелден келетін туристер легі 11,5 млн адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Оның ішінде шетелдік 969 мың турист орналастыру орындарына жайғасты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкіметтің мәліметінше, бұл көрсеткіштер қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мен туристік бағыт ретінде Қазақстанға қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайды. Саланың экономикалық көрсеткіштері де айтарлықтай өсім көрсетіп отыр.
«Орналастыру нысандарының жалпы кірісі 27%-ға өсіп, 224 млрд теңгені құрады. Орналастыру нысандарының саны 306 бірлікке өсіп, 4 315-ке жетті, ал олардың сыйымдылығы 18 мың төсек-орынға дейін артып, 226 мыңды құрады. Бұл Қазақстанның ішкі және халықаралық туристерді қабылдауға дайындығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.
Туризмге салынған инвестиция көлемі де қарқынды өсіп келеді. 2024 жылдың 10 айында олардың көлемі 33,6%-ға артып, 668,1 млрд теңгені құрады.
Оқи отырыңыз: Алматыда кезекті ауқымды «Наркостоп» акциясы өтті