Биыл геологиялық барлауға 30 млрд теңге бөлінбек

22.07.2025 19:09

Үкімет отырысында тау-кен өнеркәсібін дамыту және оны цифрландыру мәселелері талқыланды

Геологиялық барлауға биыл 30 млрд теңге бөлінбек. Осы арқылы ел Үкіметі бес жылда түсті металлургияны өркендетіп, әсіресе мыс пен болат өндірісін айтарлықтай арттыруды көздейді. Сонымен қатар 190 ірі өнеркәсіптік жобаны жүзеге асырып, 23 мың адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарда бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үкімет отырысында тау-кен өнеркәсібін дамыту және оны цифрландыру мәселелері талқыланды. Алғашқы болып сөз алған Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі «2030 жылға дейін Қазақстанда мыс кенін өндіру көлемі екі есе артады» дейді. Ал өндірілетін металдар көлемінің артуы - ел ішінде өңдеу деңгейі жоғары өнім шығаруға жол ашпақ.

«Осы жылы мыс өңдеуді 2 есеге, алюминийді 1,5, қорғасынды 2,3 есеге және мырыш өңдеуді 11 пайызға ұлғайту жоспарлануда. Болат құю өнеркәсібін ішкі нарықтағы метал сынықтарымен қамтамасыз ету аясында өндіріс көлемі артып жаңа қуаттар іске қосылды. Соңғы 5 жылды болат өндіру қуаты 5 тен 7.5 млн тоннаға дейін өсті», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.

Тау-кен өнеркәсібін цифрландыру да Үкіметтің басты назарында. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бүгінде бұл салада 15 мемлекеттік қызмет түрі қолжетімді, оның 14-і онлайн форматта көрсетіледі. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін үлкен жеңілдік. Ал ведомство басшысының дерегінше, соңғы бір жыл ішінде 979 миллионнан астам қызмет көрсетіліпті. Соның 919 миллионы электронды түрде ұсынылған.

Айта кетейік, геологтардың сөзіне сүйенсек, бүгінде елімізде С2 санатына жататын 150-ге жуық резервтік кен орны бар. Бұл жерлерде сирек кездесетін металдар көп, алайда қажетті технология болмағандықтан, тиісті зерттеулер жүргізілмепті.

«Бұл учаскелерде вольфрам мен кобальт бар. Бұрын ондай технология болмаған. Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары сирек кездесетін металдарға сұраныс артып келеді. Бұрын олар балансқа енгізілгенімен, оларға қызығушылық та, сұраныс та болған жоқ. Осы сияқты кен орындарын аукционға шығардық. Соңғысында сирек металдарға қатысты 20-дан астам нысан саудаға түсті», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің геология комитетінің төрағасы Ерлан Акбаров.

Айта кетейік, Үкімет басшысы өнеркәсіп министрлігіне ірі тау-кен кәсіпорындарымен бірлесіп, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігіне жоғарыда аталған ведомствомен бірлесіп, бір ай ішінде сала мамандарын даярлау бағдарламасын әзірлеу жүктелді.

Мәди Бижан

Оқи отырыңыз: Қазақстанға биыл 7 миллионнан астам шетелдік келген