Петропавлдың базарында да, дүкенінде де сиыр етінің 1 келісі 3 мың теңгеге сатылып жатыр
Қымбатшылық қысты. СҚО-да азық-түлік бағасы шарықтап барады. Жыл басынан бері құны өскен тауарлардың қатарында сиыр еті, күнбағыс майы мен картоп бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еліміздің солтүстігінде тұрғындар бірінші кезекте тұтынатын тауарлардың бағасы айтарлықтай қымбаттаған. Петропавлдың базарында да, дүкенінде де сиыр етінің 1 келісі 3 мың теңгеден астам сомаға саудаланып жатыр. Ал картоптың бағасы келісіне шамамен 400 теңге.
БЛИЦ:
«Картоп алуға екі рет барғанымда да қымбаттағанын байқадым. Қазір 280 теңгеде ала алмайсың. Өмір сүру қымбаттап барады»
«Еттің бағасы орташа алғанда 1000-1200 теңгеге артты. Мұнда өсіп жатқан баға секілді айлығымыз көтеріліп жатқан жоқ»
Ал сатушылар «азық түлік бағасының өсуіне жеткізушілерден сатып алу құнының артқаны себеп» дейді. Өйткені көтерме баға көтерілсе, бөлшек саудада да тауар қымбаттайды.
«Үш апта болды, жеткізушілер бағаны өсіріп отыр. Сатып алушылар еттің қымбаттағанын айтып шағымданады. Мұның нәтижесінде, саудамыз жүрмей, біз де шығынға батамыз», – деді сатушы Марина Копотилова.
Ал әкімдік өкілдерінің сөзінше, өңірдегі сиыр етінің құны республика бойынша ең төменгі баға. Сондай-ақ ақжағалылар күнбағыс майының да айтарлықтай қымбаттағанын жоққа шығармайды.
«Сиыр етінің бағасы төмен болғандықтан мал сою да азайды. Сәйкесінше, бұл ет тапшылығын тудырып, құнын арттыруға әсер етеді. Ал күнбағыс майы өндірушілердің бағаны өсіруіне байланысты қымбаттады», – деді Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шамсутдинов.
Нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін жергілікті билік ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілермен тікелей жұмыс істейтінін айтты. Алайда қымбатшылық қарашаны әлі де қыспаққа алып тұр.
Гүлмарал Изатқызы, Нұргүл Алина, Асар Ербұлан, СҚО
Оқи отырыңыз: Автокөліктерге салынатын салық қалай есептелінеді