Биыл Қазақстанға қанша адам көшіп келді - статистика

13.11.2025 13:57

Сонымен қатар ел ішіндегі көші-қон белсенділігі де артқан

Аlmaty.tv

2025 жылдың тоғыз айында Қазақстанға тұрақты тұру мақсатында 16,1 мың адам көшіп келген, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ұлттық статистика бюросынан хабарлағандай, бұл - елден кеткендер санынан әлі де көп көрсеткіш. Сол аралықта 5,9 мың адам шетелге қоныс аударған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 41,4%-ға аз. Нәтижесінде көші-қон сальдосы оң көрсеткіште қалып, 10,2 мың адамды құрады.

Негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүруде: елге келгендердің 82,7%-ы және кеткендердің 73,2%-ы осы мемлекеттерге тиесілі. Ал басқа елдерден келгендердің ішінде Қытай, Моңғолия және Түркия азаматтары басым.

Көшіп келгендердің көбі Алматы облысына (4,4 мың адам), Алматы қаласына (2,6 мың адам), Маңғыстау облысына (2,3 мың адам) және Астанаға (1 мың адам) тұрақтаған.

Сонымен қатар ел ішіндегі көші-қон белсенділігі де артқан. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда ішкі көші-қон 22,8%-ға өскен. Өңіраралық көші-қон бойынша оң сальдо Астана (67,2 мың адам), Алматы (27,8 мың адам), Шымкент (13 мың адам) және Алматы облысында (8 мың адам) тіркелді.

Оқи отырыңыз: Қостанай облысында орман шаруашылығы кәсіпорындарынан 32 млн теңге өндірілді