Биыл Қазақстанда әскери оқу орындарына құжат тапсырғандар саны артқан

Sarbaz 2.0 жобасы іске қосылғалы бері 8 мыңнан аса білім гранты бөлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әскери мамандыққа қызығушылық танытатындар қатары артып келеді. Ресми деректерге сәйкес, биыл 4090 азамат әскери оқу орындарына түсуге өтініш берген. Оның 1789-ы институттарға, ал 2301-і колледждерге құжат тапсырған. Нәтижесінде 1700 қазақстандық әскери жоғары оқу орындарының курсанты атанды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қорғаныс министрлігіне қарасты білім беру мекемелеріне қабылдау командирлік-тактикалық бағыттармен қатар, ұшқыштық іс, радиобайланыс, ұшқышсыз жүйелерді басқару, әскери медицина, дене шынықтыру және спорт, инженерлік пен ІТ-мамандықтар бойынша жүргізілді. Мамандардың айтуынша, биылғы қабылдау жоспары толық орындалған.  

«Жастардың әскери білімге қызығушылығының тұрақты өсу үрдісі байқалады, бұл әскери мамандықтың беделі мен Қарулы Күштерге кадрлар даярлау жүйесіне деген сенімнің артқанын көрсетеді. Алдағы уақытта Қорғаныс министрлігі іріктеу және оқыту тетіктерін жетілдіруді, тәжірибеге бағытталған даярлықты күшейтуді, цифрлық технологияларды енгізуді және оқу-тәрбие үдерісін жақсартуды жалғастырады», - деді ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы Мұрат Олжабаев.

Әскерден оралған жастар үшін бүгінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып отыр. Sarbaz 2.0 жобасы іске қосылғалы бері 8 мыңнан аса білім гранты бөлінген. Тек биылдың өзінде 3 мыңға жуық азамат жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік алды. Жүйе әр сарбазға жеке рейтинг қалыптастырып, тәртіп, жауынгерлік және дене даярлығы мен тест нәтижелерін автоматты түрде бағалайды. Қатысушылар үш жоғары оқу орнын және үш мамандыққа дейін таңдай алады. Ал гранттар арнайы алгоритм арқылы әділ түрде бөлінеді екен. Сала өкілдері, бұл жоба әскерде борышын өтеген жастар үшін әлеуметтік лифтіге айналып отыр дейді.  

«2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 2024 жылдың көктемінде шақырылған 17 504 әскери қызметші іріктеуге қатысты. Олардың ішінде азаматтық жоғары оқу орындарына 2 010 мемлекеттік білім гранты және әскери мен арнайы оқу орындарына 214 грант берілді. Ал 2024 жылдың күзінде шақырылған әскери қызметкерлер арасынан іріктеуге 10 мыңға жуық адам қатысты. Нәтижесінде азаматтық жоғары оқу орындарына 700 мемлекеттік грант, ал әскери және арнайы оқу орындарына 277 грант бөлінді», – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы Мұрат Олжабаев.

Оқи отырыңыз: "Туризм мен бизнестің дамуын тежеп отыр": Марқакөлге апаратын жол сын көтермейді

Новости партнеров