Биыл Қонаев – Күрті тасжолын жөндеу аяқталады

01.08.2025 21:31

Егер жылдың аяғында жаңа жол ашылса Қонаевқа демалушылар легі 1.5 миллионға жетпек

Биыл Қонаев – Күрті тасжолын жөндеу аяқталады. Бүгінде ұзындығы 67 шақырым болатын бағыттың жартысынан көбі біткен. Сарапшылардың айтуынша, көлік дәлізі тек жергілікті тұрғындар үшін емес, Қапшағай көліне бет алатын туристер үшін де аса маңызды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы облысының туризм саласында Қапшағай көлінің алатын орны ерекше. Тұрғындар қыста балық аулауға келсе, жазда шомылуға асығады. Шаһарда 8 жағажай бар. Орта есеппен күніне 2,5 мың - 3 мың демалушы келсе. Демалыс күндері көрсеткіш 10 мыңға дейін ұлғаяды. Мұндай жағдайда жолдың жайы жақсы болса, тұрғындардың демалысы сәтті өтеді.

«Басты туристік нысандар Көлсай көлдері, «Шарын» ұлттық табиғи паркі және Іле Алатау маңайда тұр. Бәрінде қажетті жол инфрақұрылымы бар», – деді Туризм басқармасы инфрақұрылымды дамыту және туристік жобаларды жүзеге асыру бөлімінің басшысы Шерхан Есентеміров.

Ал жаз басталғалы Алматы мен Қонаев арасындағы көлік ағыны күрт артқан. Мамандардың мәліметінше, бұл бағытпен күн сайын шамамен 30 мың көлік қатынайды. Ал демалыс күндері көрсеткіш 50 мыңға дейін жетеді. Ал қозғалыстың көбеюі трасса бойындағы қызмет сапасын назардан тыс қалдырмайды. Әр 25 шақырым сайын салынған жанармай бекеттерінде азаматтардың ыңғайлылығына арналған орындар да қарастырылған.

«Кешенді нысандар салынарда тұтынушыларға ыңғайлы болуын қамтамасыз ететін техникалық шарттар жазамыз. Бизнес иелері осыған сәйкес жолдардың бойында түрлі  жоба ұсынады», – деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалының бөлім бастығы Жанат Өтепбергенов.

Айта кетейік, Алматы – Қонаев бағытындағы 42 шақырымдық тасжол алты жолақты. Автомагистраль мәртебесіне ие болғандықтан, бұл жолақ ақылы. Қазіргі таңда мұнда төлем қабылдауға арналған 12 терминал жұмыс істейді. Оның алтауы – алдын ала төлем жасауға, қалғаны – қолма-қол есеп айырысуға арналған. Ал бекетте бір ауысымда 20 маман қызмет көрсетеді.

 «Алдын ала жолға шығарда жол ақысын төлеу қажет. Себебі жолаушылар терминалға келген кезде төлем жасайды. Есесіне кептеліс болады. Жалпы интернет банкингтер арқылы немесе қолма-қол төлем жасауға болады», – деді  «Каж сервис» ЖШС Алматы облыстық филиалының инженер-архитекторы Дәурен Закиров.

Ұзындығы 67 шақырымды алып жатқан Қонаев-Күрті тасжолы – елдің бас қаласы мен оңтүстік астананы байланыстырып жатқан жолдың бір бөлігі. Мұнда жөндеу жұмыстары 10 жыл бұрын басталған. Жауапты мамандардың айтуынша мердігердің салғырттығынан ұзаққа созылған. Алайда басқа компаниямен келісімшарт жасасып, 150 техника, 300 жұмысшы қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Егер жылдың аяғында жаңа жол ашылса Қонаевқа демалушылар легі 1.5 миллионға жетпек.

Мәди Мәлік, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Қазақстан бензинмен толық қамтамасыз етілген — министр