Биыл Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толды

Алматыда Міржақып Дулатұлының еңбегіне қатысты академиялық 4 томдық шығармалар жинағы топтастырылып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін ағартушы, жазушы, ұлттың рухын оятқан ұлы тұлға Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қилы заманда көптің сауатын ашып, білім нәрімен сусындатқан, ұлт тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген ағартушының бірі – Міржақып Дулатұлы. Сан шәкірттің шамшырағы болған, қазақ жұртының өзгеден кем қалмауына жағдай жасаған алаш қайраткері алғашқы романның, тағылымы мол талай мақаланың авторы болды. Сол шығармалары арқылы елге рухани демеу көрсетті, ал, ізгі ісі арқылы мұқтаждарға көмек берді. Оған бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде құрылған «Жанар» комитеті және түрлі мақсатта ашылған қорлар да дәлел.

«Қай жерде не жетіспей жатты, қай жерде қандай оқулық қажет? Алған білімін сол бағытта жұмсауға тырысты. Өз ерігімен арнайы қоғамдар құрды. «Қазақстан зерттеу қоғамы» немесе «Талап» қоғамы дейді. Тіпті оған дейін 1917 жылдың өзінде жастардың 20-дан астам қоғамы болған. Жастардың мақсаты –сауатсыздықпен күрес. Сауат ашу курстарын ашу, театрланған қойылымдар қою, дәрістер оқу», – деді  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас сарапшысы Әуезхан Шашаев.

Зерттеушілер Міржақып Дулатұлының туындылары біздің елден бөлек, өзге бірнеше мемлекетте танылып үлгергенін айтады. Әсіресе түрік жастарының ұлы тұлғаға деген қызығушылығы жоғары. Ал оған себеп – жазушының жанкештілігі. Өйткені, осы қасиетінің арқасында Міржақып Дулатұлы Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесе, бар болғаны бірнеше айдың ішінде 15 мың ірі қара жинап, аштықтан қиналған халыққа таратып берген. Жазықсыз бірнеше рет қамалса да, жеке дара ел болу идеясынан айырылмады, қоғамға сіңірер қызметін тоқтатпады.

«Наурыз туралы Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан, Сәбит Дөнентаев, Мұхтар Әуезовке дейін бәрі жазған. Сол ғасырдың басында «Наурызда халқымыз жаңарады, жаңадан түлейді» деген сөздерді айта отырып, азаттыққа жетудің тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін келтірген», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай.

Атап өтейік, бүгінде ағартушы жазып қалдырған шығармалардың түпнұсқасы зерттеушілердің назарында. Қазір Алматыда Міржақып Дулатұлының еңбегіне қатысты академиялық 4 томдық шығармалар жинағы топтастырылып жатыр. Ерекшелігі сол, туындыда ағартушының еш жерде жарияланбаған 5 мақаласы да қамтылады. 

«Бұған дейін тек қазіргі әріпке түсірілген кітап болып жинақталса, жинақ ретінде жарияланса, бұл академиялық басылымның ең бірінші айырмашылығы – мәтіндер түп басылымның негізінде дайындалды, біріншіден. Екіншіден, ғылыми қосымшасы, ғылыми қосымшасының ғылыми аппараты толық. Міржақып Дулатұлының шығармаларында кездесетін тарихи есімдерге түсінік беріледі», – деді М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қолжазба және текстология» орталығының директоры Жұмашай Рақыш.

Мамандар толымды еңбек «жастардың дереккөзді оңтайлы пайдалануына үлес қосады» дейді. Ал жинақтың тұсаукесері келер жылдың қаңтар айында өткізілмек. Мұның өзі ұлт жанашырының шығармашылығы құрметке лайық екенін көрсетеді. Міржақып Дулатұлының өнегесі ұрпақ жадында мәңгі қалатынын дәлелдейді.

Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметхан

Оқи отырыңыз: Алматыда «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің мерейтойлық концерті өтті

Новости партнеров