Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен алу да айтарлықтай жеңілдеді
Биыл мемлекет шаруаларға рекордтық 700 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген несие бөлді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұрын көктемгі науқан кезінде кеш берілетін қаражат енді алғаш рет алдын ала, яғни күзден бастап қолжетімді болады. Сонымен қатар қарыздың 85 пайызына дейін кепілдік беретін жаңа жүйе енгізілді. Бұл туралы Премьер-министр ауыл шаруашылығы саласы өкілдерімен кездесіп, көктемгі егіс жұмыстары мен агросаланы қолдау шараларын талқылау кезінде айтты.
«Президент қолдауының арқасында ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі өзінің құндылығын ешқашан жоймайды. Біздің жағдайымызда жеңілдетілген қаржыландыру үшін 700 млрд теңге табу оңай емес, алайда мұны іске асырып жатырмыз және қолдаудың бұл түрін одан әрі арттыра береміз. Қазіргі қолданыстағы тетіктердің барлығы жалғасын табады. Нәтижесі де жоғары болып, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын құра аламыз деген сенім бар», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов
Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен алу да айтарлықтай жеңілдеді. Оған берілетін қаржы көлемі 200 млрд теңгеге дейін артты, ал мөлшерлеме бар болғаны 5 пайыз.
«Естеріңізде болса, 2024 жылы лизингтің мөлшерлемесі 23 пайыз болып, субсидия алу бірнеше айға созылатын. Ал төлемді шаруалардың өздері төлейтін. Лизинг жобасының тағы бір ерекшелігі кепіл ретінде техниканы қойып, инвестициялық субсидияларды бастапқы жарнаның 30% ретінде пайдалана алады», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов шаруалармен бірге Президент тапсырмасының орындалу барысын талқылады