Жедел алдын алу іс-шарасының алғашқы күні барлығы 113 әкімшілік хаттама толтырылды
Батыс Қазақстан облысында 27-29 шілде аралығында «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
БҚО Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Олжас Ибрайымовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, іс-шараның мақсаты – балалардың түнгі уақытта ата-анасыз немесе заңды өкілдерінсіз жүруін бақылауды күшейту және жасөспірімдер арасындағы құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу.
Олжас Әзімбекұлының сөзіне қарағанда, кәмелетке толмағандардың сағат 22.00-ден таңғы 06.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болуына және сағат 23.00-ден 06.00-ге дейін тұрғынжайлардан тыс жерлерде заңды өкілсіз жүруіне қатаң тыйым салынады.
"Жедел алдын алу іс-шарасының алғашқы күні барлығы 113 әкімшілік хаттама толтырылды. Соның ішінде 103 жеткіншектің түнгі сағат 23.00-ден кейін тұрғынжайлардан тыс жерлерде жүргені белгілі болды", - деді О.Ибрайымов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері жасөспірімдердің 2 814 әкімшілік құқық бұзушылыққа барғаны анықталды. Соның ішінде 1 525-і ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болғаны үшін) қатысты. Сондай-ақ 127-бап бойынша (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамау) 296 дерек тіркелді.
"Кейбір жасөспірімнің өзімен бірге пышақ немесе кастет сияқты тыйым салынған заттарды алып жүретінін еске салғым келеді. Бұл ҚР ҚК 287-бабына (суық қаруды заңсыз алып жүру) сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны артты. Негізгі себептер – белгіленбеген жерден жолды кесіп өту және автокөлікте балаларды тасымалдау ережелерін елемеу. Балаларды автокөлікте арнайы жасына және салмағына сай автокреслолармен ғана тасымалдау қажет", - деді департаменттің басқарма бастығы.
Оқи отырыңыз: Димаштың әні алғаш рет Disney радиосында қойылды