Блогердің қазасы: ота кезіндегі қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды

21.05.2026 16:14

Кәсіпкер Сәуле Базархан жекеменшік клиникалардың бірінде жоспарлы липосакция яғни, іштегі майды алу отасын жасату кезінде көз жұмған

Almaty.tv

Алматыда косметологиялық ем-шарадан кейін көз жұмған әйелдің ісіне қатысты Денсаулық сақтау министрлігі тексерісті бастады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қазір мамандар жекеменшік клиниканың лицензиясын, дәрігерлердің біліктілігін, көрсетілген қызметтің медициналық стандарттарға сәйкестігін қарап жатыр.

Айта кетейік, осыдан 6 күн бұрын блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан жекеменшік клиникалардың бірінде жоспарлы липосакция яғни, іштегі майды алу отасын жасату кезінде көз жұмған. Бұл туралы марқұмның жақындары әлеуметтік желіге жазба жариялап, құзырлы органнан істі жіті бақылауға алуды талап еткен. Бүгінде қалалық Полиция департаменті аталған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғады.

«Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал жекеменшік клиника әлеуметтік желідегі парақшасына аталған іске қатысты ресми мәлімдеме жасады. Онда мамандар марқұмның туыстарына қайғыра көңіл айта отырып, дәрігерлік құпияға байланысты оқиғаның мән-жайын жариялай алмайтынын жазған. Сондай ақ қазір пациенттерді қабылдамайтынын хабарлады.

Оқи отырыңыз: Уәде емес, нәтиже керек: ұлытаулықтар созбалаңға салынған жол жөндеу жұмысына наразы