Блогерлерге жаңа талап: жасырын саяси жарнама үшін жаза қарастырылмақ

Мәжіліс жаңа нормаларды қарады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Блогерлер сайлау кезінде жасырын үгіт-насихат жасағаны үшін жазалануы мүмкін. Мәжіліс сайлау туралы заңға өзгерістер енгізбек. Құжатқа сай, саяси науқан барысында кандидаттар мен партиялардың үгіт-насихат жүргізуі қатаң бақыланып, оларға кімдердің қаржылай қолдау көрсететіні қадағаланады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Төменгі палатаға құжатты таныстырған вице-премьер Серік Жұманғарин онлайн-платформалар арқылы жүргізілетін сайлауалды үгіт-насихатқа ерекше назар аударыпты.

Оның айтуынша, енді интернет-платформалар кандидаттарға тең жағдай жасауға міндетті болады. Егер олар материалдарды жариялаудан негізсіз бас тартса немесе бір кандидатқа басқаларға қарағанда бүйрегі көбірек бұрса, айыппұл арқалайды. Үгітке деп бөлінген бюджет ақшасын заңсыз жұмсағандар да жазадан құтылмайды. Сондай-ақ жасырын қаржыландыруға тосқауыл қойылады.

«Кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау қорларынан басқа, өзге де материалдық көмекті қабылдауға тыйым салынды. Сайлау қорларынан тыс қаржылық және өзге де материалдық көмек алғаны үшін жеке тұлғаларға 25, ал заңды тұлғаларға 55 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік енгізілді», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Депутат Никита Шаталов орталық сайлау комиссиясының хатшысынан  блогерлердің партиямен немесе кандидатпен келісімшарт жасаспай, өз парақшасында жазба жариялап, болмаса олардың сайлауалды атрибутикасын пайдаланып қолдау білдірсе, жауапкершілік арқалай ма деп сұрады.

«Қолданыстағы сайлау заңына сәйкес, егер кандидат немесе заңды тұлға кандидаттың немесе партияның үгіт-насихат жұмыстарына қатысса, олар алдымен осы қызметтерді қабылдауға жазбаша келісім алуы керек. Мұндай жазбаша келісім болмаса, бұл жасырын үгіт-насихат жүргізу болып саналады. Әкімшілік кодекстің 118-бабы бойынша жазаланады. Бұл жағдайда блогер кандидатпен ешқандай байланыста болмаған және жасырын үгіт-насихат жүргізумен айналысқан болып саналады», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов.

Технологиялар қарқынды дамыған дәуірде кей мемлекеттер блокчейн арқылы дауыс беру жүйесін қолға алған. Халықаралық тәжірибе оның тиімді екенін көрсетсе, Жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев біздің елде де онлайн дауыс беру тетігін енгізуге қарсы емес. Тіпті дайынбыз деп отыр.

«Халықаралық тәжірибе мұндай технологияға көшудің мәні бар екенін көрсетсе, кез келген техникалық мүмкіндікті жүзеге асыруға болады деп есептеймін. Ақпараттық қауіпсіздік, технологиялық ыңғайлылық, жылдамдық сияқты талаптарды кез келген жүйе үшін қамтамасыз етуге болады. Сондықтан кез келген технология бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеуге болады деп санаймын. Егер қандай да бір техникалық сипаттағы міндет қойылса, біздің ведомство оны орындауға дайын», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Отырысқа қатысқан 90 депутаттың 87-і заңды қолдаса, біреуі қалыс қалып, екеуі қарсы дауыс берді. Құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Алда екінші оқылым бар.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жол ережесін бұзғандар үшін балдық жүйе енгізілуі мүмкін

Новости партнеров