Болашақ инженерлер мекені: Алматыда жас өнертапқыштар алғашқы роботтарын құрастырды

18.05.2026 16:51

Жас дарындар кедергілерден өтетін, дыбыс пен жарыққа сезімтал бірегей жобаларын қорғап, инженерлік және бағдарламалау дағдыларын көрсетті

Алматы қаласы Білім басқармасы

Нөмері 224 “Келешек” мектебінің робототехника үйірмесінде оқушылар өз қолдарымен құрастырған алғашқы роботтарын таныстырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жоба барысында олар роботтың қалай жасалғанын, қандай бөлшектер қолданылғанын және қандай қызмет атқаратынын қарапайым әрі түсінікті тілде баяндады.

Сонымен қатар, оқушылар өз идеяларымен бөлісіп, болашақта робототехника саласында жүзеге асырғысы келетін мақсаттарын таныстырды. Бұл жоба балалардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, инженерлік және бағдарламалау дағдыларын жетілдіруге үлкен мүмкіндік берді. 

Әр оқушы өз роботын ерекше етіп жасауға тырысып, түрлі тың идеялар ұсынды. Кейбір роботтар кедергіден айналып өтсе, енді бірі жарыққа немесе дыбысқа реакция білдіріп, өз мүмкіндіктерін көрсетті. Қатысушылар тек техникалық білімдерін ғана емес, сонымен қатар командада жұмыс істеу, өз ойын еркін жеткізу және жобаны қорғау қабілеттерін де дамытты.

Жоба соңында үздік жұмыстар атап өтіліп, оқушыларға алғыс білдірілді. Осындай тәжірибелік жобалар балалардың ғылым мен технологияға деген қызығушылығын арттырып, болашақ мамандық таңдауларына бағыт-бағдар береді.

Оқи отырыңыз: Жұлдызды сәт: Алматыда жас таланттар өнер көрсетті