50 мыңнан астам маман ауылдық жерлерде еңбек етеді
12 мамырда бүкіл әлемде Халықаралық медбикелер күні атап өтіледі, — деп хабарлайды Almaty.tv ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл кәсіби мерекені пациенттерге күтім жасауды және Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін 145 мыңнан астам маман атап өтуде.
Медбикелер — медицина қызметкерлерінің ең көп санаттарының бірі. Олар пациентке алғашқы қабылдаудан бастап емдеу мен оңалтуға дейінгі көмек көрсетудің барлық кезеңдерінде қолдау көрсетіп, медициналық көмектің сапасы мен үздіксіздігін қамтамасыз етеді.
Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 188 мыңнан астам орта буын медицина маманы жұмыс істейді, оның 145 мыңнан астамы — медбикелер.
50 мыңнан астам маман ауылдық жерлерде, 65 мыңға жуығы алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) деңгейінде қызмет етеді.
Қазақстанда АМСК деңгейінде кеңейтілген мейіргерлік практикалар белсенді дамып келеді. Медбикелер созылмалы аурулары бар пациенттерді жүргізуге, профилактикаға, динамикалық бақылау мен кеңес беруге қатысады, бұл алғашқы көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мамандарды даярлаумен 94 медициналық колледж айналысады, оның ішінде 42 жоғары медициналық колледж мейіргер ісі бойынша қолданбалы бакалавриат бағдарламаларын іске асыруда. Қазіргі уақытта колледждерде 109 мыңнан астам студент білім алуда.
Қазақстанда мейіргер ісі мамандарын даярлаудың кіші медбикеден бастап «бакалавриат – магистратура – докторантура» бағдарламаларына дейінгі көпдеңгейлі жүйесі жұмыс істейді.
Медбикелердің қосқан үлесі медициналық көмек сапасы мен халық денсаулығын сақтаудың негізгі факторларының бірі болып қала береді.
Оқи отырыңыз: Qazaqstan Barysy Grand Slam: Қазақстан құрамасы дзюдодан жарысты тарихи нәтижемен аяқтады