Жыл басынан бері Қазақстанда 200 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Қазақстанның еңбек нарығында оң үрдіс сақталуда

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша мансап орталықтары арқылы 200,4 мың азамат жұмыспен қамтылды. Бұл көрсеткіштің ішінде 75 мыңы – жастар болса, 81 мыңы – нәзік жандылар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қазақстанның еңбек нарығында оң үрдіс сақталуда. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары еліміздің барлық өңірлерін қамтып, халық табысының артуына және еңбек әлеуетінің нығаюына ықпал етуде. Ұлттық жобалар мен өңірлерді дамыту жоспарлары аясында биыл жалпы саны 40,4 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланса, жылдың алғашқы жартысында-ақ 8 мыңға жуығы ашылып үлгерді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықтың әлеуметтік осал санаттарын еңбек нарығына тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, әр азаматтың қажеттілігіне сай жеке қолдау тетіктерін ұсынуда. Мәселен, мансап орталықтарының қызметімен 17,4 мың мүгедектігі бар азамат қамтылды. Олардың 6,4 мыңы жұмысқа орналастырылса, 3,8 мыңнан астамы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, «Skills Enbek» онлайн-платформасы арқылы жаңа дағдыларды меңгерді.

Көпбалалы отбасыларды қолдау мәселесіне де ерекше назар аударылуда: мансап орталықтарына жүгінген 17,2 мың азаматтың 6,1 мыңы тұрақты және мемлекет субсидиялайтын уақытша жұмыс орындарына орналастырылды.

Еңбек нарығына бейімдеудің маңызды құралдарының бірі – кәсіби бағдарлау. Жыл басынан бері бұл қызметті 170,6 мың азамат пайдаланса, олардың 138 мыңы жұмыс іздеушілер қатарындағы адамдар.

Аталған жұмыстың негізін 2024–2029 жылдарға арналған Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы құрайды. Министрліктің стратегиялық мақсаты – 2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының үлесін 45%-ға дейін жеткізу.

Бұл бағыттағы оң өзгерістер нақты көрсеткіштерден де көрінеді. Егер 2024 жылы сапалы жұмыс орындарымен 2,47 млн адам қамтылса, 2026 жылы бұл көрсеткішті 3,08 млн адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Тұрақты жалақыны, қауіпсіз еңбек жағдайларын және әлеуметтік қорғалуды қамтитын осы тәсілдерді іске асыру елдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудың маңызды факторы болып табылады.