Шетелдік азаматтардың отандық денсаулық сақтау жүйесіне деген қызығушылығы артып келеді
Қазақстан халықаралық медициналық туризм нарығындағы өз позициясын дәйекті түрде нығайтып келеді, — деп хабарлайды Almaty.tv ҚР ТСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздің медициналық ұйымдары 80 мыңға жуық шетелдік пациентті қабылдады. Бұл шетелдік азаматтардың отандық денсаулық сақтау жүйесіне және көрсетілетін қызметтердің сапасына деген қызығушылығының артып келе жатқанын айғақтайды.
Қазақстанның басты артықшылықтарының бірі — медициналық көмектің жоғары деңгейі мен емделу құнының тиімді үйлесім табуы. Бүгінде елде сапа мен қауіпсіздіктің халықаралық талаптарына сай келетін медициналық мекемелер жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта он қазақстандық медициналық ұйым әлемдік денсаулық сақтау жүйесіндегі ең беделді стандарттардың бірі болып табылатын JCI халықаралық аккредитациясына ие.
Осы бағытты одан әрі дамыту мақсатында Туризм және спорт министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, медициналық туризмді дамыту жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған жол картасын әзірлеуде.
Құжат қазақстандық медициналық қызметтерді шетелдік нарықтарда ілгерілету, инфрақұрылымды дамыту, сервис сапасын арттыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бойынша кешенді шараларды қарастырады.
Медициналық туризмді дамыту қызмет көрсету экспортын арттырып қана қоймай, инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстанның емделу мен сауығуға арналған заманауи әрі бәсекеге қабілетті ел ретіндегі халықаралық имиджін нығайтуға септігін тигізеді.
Оқи отырыңыз: Туризмді дамыту: Қазақстан жазғы маусымға қаншалықты дайын