Бопсалау ісі: Шымкентте Арай Есенбекке қатысты сот үкім шығарды

Almaty.tv
Almaty.tv

Ол  2025 жылғы 6 қарашада  990 000 теңгені анасының банктік есеп шотына аударым жасатып алған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте блогер әрі журналист Арай Есенбекке қатысты сот процесі аяқталды. Ол қала басшылығынан 10 миллион теңге талап еткен. Сот оны ірі көлемде бопсалау бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды,  деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бопсалау ісі қаралды. Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың қазан айында айыпталушы Арай Есенбек әлеуметтік желілерде Шымкент қаласы әкімдігінің беделіне нұқсан келтіретін жазба жариялаған. Кейін ол әкімдіктің өкілімен кездесу барысында өзімен 10 миллион теңгеге тапсырыс бойынша ақпараттық келісімшарт жасауды талап еткен. Бас тартқан жағдайда әкімдікті масқаралайтын мәліметтерді жариялайтынын ескерткен.

Нәтижесінде 2025 жылғы 6 қарашада ол 990 000 теңгені анасының банктік есеп шотына аударым жасатып алған.

Сот барысында прокурор мен жәбірленуші тарап қатаң жаза тағайындауды сұрады. Айыпталушы кінәсін ішінара мойындап, бас бостандығынан айырмауды өтінді.

Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайларды ескерді. Атап айтқанда, айыпталушының шын жүректен өкінуі, оның қарауында бес кәмелетке толмаған баласының болуы және келтірілген залалды толық өтеуі назарға алынды. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.

"Сот А.-ны Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша (ірi мөлшерде мүлiк алу мақсатында жасалған қорқытып алушылық, яғни жәбiрленушiнi масқаралайтын, оның мүдделерiне елеулі зиян келтiруi мүмкiн мәлiметтердi тарату қатерін төндіріп бөтеннің мүлкін талап ету, яғни бопсалау) кінәлі деп танып, бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оған бұқаралық ақпарат құралдары саласында қызмет етуге бес жылға тыйым салынды", — деп хабарлады сот.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Оқи отырыңыз: Жолдағы жүгенсіздік: Түркістан облысында 1600-ден астам құқық бұзушылықты анықталды

Новости партнеров