Боран: Жамбыл облысында бірқатар нысанға зақым келді

06.02.2026 13:34

Сарысу аудан аумағында электр жарығы уақытша сөнген

Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласында дүлей дауыл болып, үйлердің шатырын ұшырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қатты желдің екпіні секундына 32 метрге жеткен. Салдарынан көпқабатты 10-ға жуық үйдің шатыры зақымданды. Көшедегі кейбір ағаштар құлап, бірнеше жерден электр сымдары үзілген. Сонымен қатар мектептерде бірінші ауысым оқушылары қашықтан оқу форматына ауысты. Оқиғаға байланысты жедел штаб құрылып, зерделеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімдігі тұрғындарға қажеттілік болмаған жағдайда далаға шықпауды ескертіп жатыр.

 «1-шағын аудандағы № 32, 33, 34, 35 тұрғын үйдің, 3-шағын аудандағы № 6 тұрғын үйдің, 4-шағын аудандағы № 15 және № 15 «а» тұрғын үйлерінің шатырлары жартылай ұшқан. Сонымен қатар Бейбітшілік көшесінде орналасқан ту тұғыры құлап, аудан аумағында электр жарығы уақытша сөнген. Қазіргі уақытта зардап шеккен азаматтар туралы ақпарат тіркелген жоқ», – деді Жамбыл облысының әкімдігінің баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Семейде қоқыс контейнерінен жаңа туған нәрестенің денесі табылды

Теги: боран