2026-2027 жылдарда этно-кофехананы пайдалануға беру жоспарланып отыр
Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы туристік орында 2029 жылға дейін бірқатар инвестициялық жоба іске асырылмақ. Бұл жөнінде ҚР Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
— Бозжыра сапар-орталығы салынды. Жоба бастамашысы әрі инвестор — «Visit Aktau LTD» ЖШС. Ол 20 уақытша, 5 тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етті. Қазіргі таңда ғимарат құрылысы аяқталып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысан биыл іске қосылады, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ 2026-2027 жылдарда этно-кофехананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал 2027-2028 жылдарда глэмпинг базасы дайын болады. Одан бөлек, үлкен қонақүй салынбақ.
— «Bozjyra Safari Hotel» қонақүй кешені бой көтереді. Жоба бастамашысы — «Oasis Development» ЖШС. Компания 30 тұрақты, 80 уақытша жұмыс орнын ұсынады. Қазір жобаға қажетті жер учаскесі рәсімделіп жатыр. Құрылыс 2028 жылы аяқталады, — делінген ресми жауапта.
Сонымен қатар Бозжыра шатқалына апаратын арнайы жол салынып жатыр. Ұзындығы — 14,9 шақырым.
Туристік орнын көру алаңын электр қуатымен жабдықтау бойынша жобалық-сметалық құжаттама да әзір болған.
Оқи отырыңыз: Шашты қаншалықты жиі жуған дұрыс