Бүгін - Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Биылғы күзгі жиын-терінде диқандарымыз 27 млн тонна астық жинады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін - Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл - ферма қызметкерлерінің, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары мен мамандарының, ғалым-аграрлардың, тамақ және қайта өңдеу индустриясы мен агроөнеркәсіптік кешен жұмыскерлерінің мерекесі.

Агроөнеркәсіптік кешен - қоғам үшін өмірлік маңызы бар өнімдер өндірілетін және орасан зор экономикалық әлеует шоғырланған кез келген ел экономикасының маңызды құрамдас бөлігі.

Атаулы күн Қазақстан Республикасында қарашаның үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Бұл күні ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өту дәстүрі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен 1988 жылы қараша айының үшінші жексенбісі ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні болып табылады. Қазақстан Тәуелсіз мемлекет бола отырып, дәстүрдің дұрыстығын сақтап, 1998 жылы қарашаның үшінші жексенбісін мерекелеу күні ретінде заңнамалық деңгейде бекітті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында сөз сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне ризашылығын білдірді.

"Ең алдымен, барша ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын деймін. Бұл шын мәнінде, нағыз еңбек адамдарының мейрамы екені сөзсіз. Диқандар, мал шаруашылығы мамандары, шаруалар — бәрі де еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосуда. Қажырлы еңбектеріңіз үшін Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін", - деді Президент.

Айта кетейік, елімізде биылғы күзгі жиын-терін нәтижелі өтті: диқандар 27 млн тонна астық жинады. Ең жоғары өнім берген өңір - Ақмола облысы (7,5 млн тонна).

Ауыл шаруашылығы экономиканың серпінді дамып келе жатқан бағыттарының бірі. Жыл басынан бері инвестиция көлемі 20% өсіп, 790 млрд теңгеге жетті. Еңбек өнімділігі үш жылда 37,3% артты. Қазақстан Global Food Security Index рейтингінде 32-орында тұр.

Соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,3 трлн теңгеден 8,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті тағы 2 есеге арттыру көзделген.

Жайылымдық жер көлемі бойынша Қазақстан әлемде 6-шы, егіс алқабы жөнінен 8-ші орында, яғни қолда бар ресурс өте ауқымды.

Қаржыландыру және қолдау шаралары

Биыл алғаш рет ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие көлемі 1 трлн теңгеден асты – бұл 5 жыл бұрынғыдан 10 есе артық.
«Даму» қоры 1300 несиеге кепілдік беріп, мүлкі жеткіліксіз шаруаларға үлкен мүмкіндік жасады.

2019 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы ауыл инфрақұрылымын дамытуға 700 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 2,5 мыңнан аса елді мекенде жұмыс жүргізілді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 600-ден астам ауылдық бірлестік құрылды.

Экспорт әлеуеті

Әлемде алдағы 10 жылда мал етіне сұраныс 233 млн тоннаға дейін өседі деп күтіледі. Қазақстан, әсіресе қой еті бойынша, айтарлықтай экспорттық мүмкіндіктерге ие. Өткен жылы еліміз 18 мың тоннаға жуық қой етін экспорттап, осы бағыттағы әлемнің үздік 10 елінің қатарына кірді.

Қазақстан астық экспорты бойынша да әлемнің жетекші 10 елінің қатарында. Ұн экспортында — көшбасшы. Қазақ астығы дәстүрлі нарықтармен бірге Бельгия, Португалия, Ұлыбритания, Вьетнам, Марокко, Алжир сияқты жаңа бағыттарға жөнелтіле бастады.

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 5 млрд доллардан асады, ал 200-ден астам өнім түрі 70 елге шығарылады.

Оқи отырыңыз: Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін әуе көлігімен тасымалдау ісін реттеуді тапсырды

Новости партнеров