Бүгін Қазақстанда Эколог күні аталып өтеді

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Сондай-ақ 5 маусым - Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жыл сайын 5 маусымда әлемде Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аталып өтеді. Қазақстанда бұл күн Эколог күні ретінде тойланады. Бұл – табиғатты қорғау, экожүйелерді сақтау және қоршаған ортаның сапасын жақсарту жолында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби мерекесі,  деп хабарлайды Аlmaty.tv

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні 1972 жылы БҰҰ-ның бастамасымен бекітілген. Оның басты мақсаты – экологиялық мәселелерге қоғам назарын аудару, табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау ісіне азаматтарды кеңінен тарту.

Қазақстан табиғи ресурстарға бай мемлекеттердің бірі саналады. Елімізде орманды алқаптар, өзен-көлдер, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен ұлттық парктерді сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары көгалдандыру, қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу, су ресурстарын тиімді пайдалану және биоалуантүрлілікті қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы да қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға серпін берді. Акция аясында ел бойынша мыңдаған тонна қоқыс жиналып, миллиондаған көшет отырғызылды. Сонымен қатар заңсыз қоқыс полигондарын анықтау мен жою, қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Эколог күніне орай Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар республика көлемінде түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. 5 маусым күні ел бойынша «Эко-сағат» акциясы өтеді. Оның аясында ашық дәрістер, тақырыптық көрмелер, экологиялық сыныптар, шеберлік сабақтары және интерактивті алаңдар ұйымдастырылады.

Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін Атыраудағы пластик өңдеу зауыты мен Қостанайдағы қайталама шикізат өңдеу кәсіпорындарына баспасөз турлары өткізіледі. Ал экобелсенділер әлеуметтік желілерде «Өзіңнен баста» челленджін ұйымдастырып, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға шақырады.

Мамандардың айтуынша, табиғатты қорғау тек экологтардың немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес. Қоршаған ортаның тазалығы әр адамның күнделікті әрекетіне байланысты. Қоқысты сұрыптау, суды үнемдеу, ағаш отырғызу, табиғат аясында тазалық сақтау сияқты қарапайым қадамдардың өзі экологияға оң әсер етеді.

Эколог күні – табиғатты сақтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салатын күн. Себебі таза қоршаған орта, қауіпсіз экожүйе және табиғи байлықтарды келер ұрпаққа аман жеткізу – баршаға ортақ жауапкершілік.

Оқи отырыңыз: ІІМ есірткі қылмысына қарсы республикалық операцияны қолға алды

Новости партнеров