Бұл туралы министр Нұржан Нұржігітов мәлімдеді
Бүгіннен бастап су саласы қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 50 пайызға өседі. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте жауапты ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы қол қойған «Табиғи монополиялар туралы» заң күшіне енген. Енді «Қазсушар» мекемесіндегі ең төменгі айлық алатындардың еңбекақысы 2,5 есе, орташа айлық алатындардікі 50 пайыз, ал басшылық қызметтегілердің жалақысы 20 пайыз көтеріледі екен.
Министр суға жауапты мамандардың орташа айлығы 300 мың теңгеден асады деп отыр. Айта кетейік, былтыр ведомство «Қазсушар» қызметкерлерінің жалақысын орта есеппен 25 процент көтерген еді.
«Шілде айынан бастап «Қазсушар» ұйымының барлық қызметкері жоғары жалақы алады. Тағы бір айтарым, енді жыл сайын 1 қаңтардан бастап барлық қызметкердің жалақысына индексация жүргізіп отырамыз», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Оқи отырыңыз: Он жылдан бері ойын алаңы салынбады: Атырау іргесіндегі тұрғындар әкімге өкпелі