Он жылдан бері ойын алаңы салынбады: Атырау іргесіндегі тұрғындар әкімге өкпелі

Көктем ықшамауданы тұрғындары енді облыс әкімінен көмек сұрамақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау іргесіндегі Көктем ықшамауданы тұрғындарының уәдесінде тұрмаған әкімге деген өкпелері қара қазандай. Өйткені, он жылдан бері жұрт спорт пен ойын алаңына жарымай келеді. Соның салдарынан ата-аналар балаларын ойнатудан қалған. Ал шенеуніктер арнайы жоба жасақтап жатырмыз дегеннен ары аспайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

15 жылдан бері «Өркениеттен ада қалдық» деген көктемдіктер бас көтерді. Олар осыншама уақыт тұтас ықшамауданда балаларға арналған бірде-бір ойын алаңының жоқ екеніне күйінеді. Сол себепті жұрт ұл-қыздарын іргедегі Жұлдыз, Ақжар, Ақсайға апаруға мәжбүр.

«Ойын алаңдары Жұлдыз-1, 2, 3 ықшамаудандарында, Ақжарда, Ақсайда, бәрінде бар. Неге Көктем ықшамауданына салмайды? Әкімге бірнеше рет шағымдансақ та, еш жауап жоқ», - дейді Көктем ықшамауданының тұрғыны Ақілгек Жақсылықова.

Тұрғындардың айтуынша, шенділер 2021 жылы көзбояушылық үшін ойын алаңын салып берген. Бірақ бір жыл өтпей жатып, оның тас -талқаны шығып, қирап қалыпты. «Сорақысы, балаларымыз жарақат алып, ауруханадан бір-ақ шықтық» дейді ашынғандар.

«2021 жылы тапсырды, 2022 жылы шашылып қалды. Ондай сапасыз салынған ойын алаңы керек емес. Балаларға сапалы ойын алаңы мен футбол алаңын салып берсін. Ешқандай жағдай жасалмаса, спорт қалай дамиды?» - дейді Көктем ықшамауданының тұрғыны Шынар Құсайынова.

Қаннен қаперсіз жатқан шенділер ұйқыдан бүгін тұрған сыңайлы. Олар әйтеуір, жоба жасақталып, қаржы қарастырылып жатыр деп кезекті рет жұртты жұбатып әуреге түсті. 

«Жобалық-сметалық құжаттамасы өткен жылдың қазанында басталды. Қазіргі кезде ЖСҚ аяқталып келеді. Бұл жерде бір футбол алаңы болады. Сондлай-ақ баскетбол алаңы да болады. Тұрғындарға демалатын мүмкіндік болады, орындықтар қойылады, сонымен қатар балалар үшін ойын алаңы мен спорттық алаң қарастырылған. Оны салуға 4 ай көлемінде уақыт кетеді», - деді Қайыршақты ауылдық округі әкімінің орынбасары Абай Орынұлы.

Алайда халық атқамінердің бұл сөзіне қанағаттанбады. Өйткені, былтырғы әкім есебінде де дәл осылай уәде беріліп, ақыры орындалмапты. Шыдамы таусылған қараша енді облыс әкімінен көмек сұрамақ.

Жұлдыз Қайратқызы, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Астанада  900 млн теңге жымқырған мектеп басшысы мен есепшісі ұсталды

Новости партнеров