Бүйрек саулығын сақтау үшін кешкі астан кейін қандай сусын ішкен дұрыс

22.11.2026 16:42

Мамандар бүйрекке пайдалы сусындарды атады

Depositphotos.com

Кешкі астан кейін ішетін сусынның да бүйрек саулығына әсері бар. Мамандардың пікірінше, бұл уақытта ең қолайлы таңдау – кәдімгі ауызсу. Ол ағзадағы су теңгерімін сақтауға, зиянды қалдықтарды зәр арқылы шығаруға көмектеседі. Сонымен қатар құрамында қант, кофеин және бүйрекке салмақ түсіруі мүмкін қоспалар жоқ, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мамандар мәліметінше, ауызсудан бөлек, қант қосылмаған газдалған су, сұйылтылған жеміс шырыны және шөп шайы да пайдалы балама бола алады.

Судың пайдасы

Бүйрек қанды сүзіп, ағзадағы артық қалдықтарды шығарады, минералдар мен сұйықтық мөлшерін реттейді. Суды жеткілікті мөлшерде ішу осы үдерістердің қалыпты жүруіне көмектеседі. Сондай-ақ зәрдегі минералдардың концентрациясын төмендетіп, бүйрек тасының пайда болу қаупін азайтуы мүмкін.

Алайда кешкі астан кейін су ішу күннің басқа уақытында ішкеннен пайдалы деген ғылыми дәлел жоқ. Ең маңыздысы – күні бойы ағзаны жеткілікті сұйықтықпен қамтамасыз ету. Ұйқы алдында суды шамадан тыс ішу де дұрыс емес, өйткені түнде дәретханаға жиі баруға себеп болуы мүмкін.

Басқа қандай сусындар пайдалы?

Мамандар бүйрек саулығын сақтау үшін мына сусындарды да ұсынады:

  • Қантсыз газдалған су. Құрамында қант пен зиянды қоспалар жоқ түрі ағзаны қарапайым су сияқты ылғалдандырады. Дәмін жақсарту үшін жалбыз немесе лимон тілімін қосуға болады. Дегенмен өнімнің құрамын тексерген жөн, өйткені кейбір түрлерінде натрий, қант және фосфор қоспалары кездеседі.

  • Мүкжидек шырыны. Құрамындағы антиоксиданттар жасушаларды зақымданудан қорғауға көмектеседі. Қант қосылмаған шырынды аз мөлшерде немесе сумен араластырып ішкен дұрыс. Алайда бүйрек ауруы бар адамдар оның құрамындағы калий мен табиғи қант мөлшерін ескеруі керек.

  • Шөп шайы. Жалбыз бен түймедақ шайы кофеинсіз болғандықтан, кешкі уақытта ішуге қолайлы. Ал мия тамыры, қырықбуын және қалақай қосылған шайлар бүйрек ауруы бар адамдарға кері әсер етуі мүмкін.

  • Сұйылтылған цитрус шырыны. Лимон, лайм және апельсин шырынындағы цитрат кейбір бүйрек тастарының пайда болу қаупін төмендетуге көмектесуі мүмкін. Оны суға аз мөлшерде қосып ішуге болады.

Мамандар бүйректі «тазартуға» немесе ағзадан токсиндерді шығаруға арналған арнайы сусындар мен шөп қоспаларын өз бетінше қолданбауға кеңес береді.

Айта кетейік, созылмалы бүйрек ауруы бар адамдарға сұйықтық мөлшерін шектеу қажет болуы мүмкін. Сондықтан суды немесе басқа сусындарды тұтыну көлемін арттырмас бұрын дәрігермен кеңескен жөн.

Дереккөз: Verywell Health

Оқи отырыңыз: Грек жаңғағы қандай жағдайда зиянды болуы мүмкін

Толық көрсету