Бұл – тек менің емес, әріптестерімнің, жас мамандардың еңбегі - Шолпан Алтынова

Ақорда
Ақорда

Биыл денсаулық сақтау саласына 2,6 трлн теңге бөлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жыл сайын әлемнің 45 елінен 10 мыңнан аса адам Қазақстанға емделуге келеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада алғаш рет өткен медицина қызметкерлерін марапаттау рәсімінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сапалы медицина қалада ғана емес, ауылда да болуы керек. Сол үшін соңғы жылдары шалғай жерлердегі емханалар мен дәрігерлік амбулаториялар жаңарып жатыр. Президенттің айтуынша, қазірдің өзінде 469 медициналық нысан бой көтерген. Ал жыл соңына дейін тағы 186 емдеу мекемесі ашылады. Бұл – ауыл тұрғындарына дер кезінде көмек көрсетудің кепілі. Бүгінгі басқосуда мемлекет басшысы дәрігер болудың екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс екенін атап өтіп, оларды «бейбіт күннің батырлары» деп атады.

 «Ұлт саулығы – еліміз үшін аса маңызды құндылық. Әлемнің «екінші ұстазы» – Әл-Фараби медицинаны өнер деп бағалаған. Расында, дәрігер болу – жүректің ісі. Бұл – екінің бірі аяқ баса бермейтін жүгі ауыр, күрделі жұмыс. Медицина қызметкерлері – ұлт саулығының сақшылары, ең қадірлі мамандық иелері. Әсіресе, жаһандық індет, яғни, ковид кезінде бүкіл ел дәрігерлердің адал қызметіне куә болды» – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазір елімізде ағза ауыстыру, яғни трансплантация жұмысы жүйелі түрде дамып келеді. Бүгінге дейін 100 жүрек трансплантациясы сәтті өтіпті. Ал биыл бір мезетте үш адамға үш түрлі адамның бүйрегі салынған. Президент бұл ерекше әдіс дүние жүзінде небәрі алты елде ғана қолданылатынын атап өтті.

 «2023 жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ана мен бала орталығында» ем алып жатқан балаларды жаңа жылымен құттықтап келді. Сол уақытта бір кішкене ғана қыздан Президент «қандай арманың бар?» деп сұрады. Әнеля «менің арманым бүйрек трансплантациясы» деген. 2024 жылы донорлық бүйрек ауыстырылып, қазір бала үйінде оқып жатыр», – деді Ана мен бала орталығының нефролог-дәрігері Шолпан Алтынова.

Президент «Медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және олардың мәртебесін көтеру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі» дейді. Кейінгі жылдары олардың жалақысы мен стипендиясы екі есеге жуық өскен, тәлімгерлік бағдарламалар да біртіндеп дамуда. Биыл денсаулық сақтау саласына 2,6 трлн теңге бөлініпті. Былтырдан бастап Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен дәрігерлерге ерекше құрмет белгісі ретінде «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы беріле бастағанын да айта кетейік.

«Бұл – менің еңбегім емес, менің әріптестерімнің еңбегі, Асфендияров атындағы университеттің еңбегі, жас мамандардың еңбегі. Әріптесім, жас бала  Президенттен марапат алды. Әріптесім ұшін қуанамын!» – деді С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің кафедра меңгерушісі Мырзакәрім Алшынбаев.

Президент дәрігерлерге құрметпен қараудың маңыздылығын еске салып, оларды халықтың қамқоршысы деп атады. Медицина қызметкерінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін заңсыз әрекетке жол беруге болмайды деген ол тәртіп бұзатын адамдар міндетті түрде жауапкершілікке тартылатынын айтты.

Мәди Бижан, Астана

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін марапаттады

 

Новости партнеров