Бүлдіршіндері сауда үйінде тәрбиеленіп жатыр: Мойынқұм әкімдігі неге жеке кәсіпкерге тәуелді

09.06.2026 21:47

Мойынқұм ауылында 13 жыл бұрын 150 миллион теңгеге салынған балабақша қазір қаңырап бос тұр

Жамбыл облысының бүлдіршіндері сауда үйінде тәрбиеленіп жатыр. Мойынқұм ауылында 13 жыл бұрын 150 миллион теңгеге салынған балабақша қазір қаңырап бос тұр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Мойынқұм ауылындағы 2 қабатты бұл ғимарат 2013 жылы пайдалануға берілген. Алайда екі жыл бұрын есігі тарс жабылды. Себебі ғимарат қисайып, қабырғалары опырылған. Сырты сау болып көрінгенімен, балабақшаның іші тіптен қорқынышты. Едені де отырып, ойылып жатыр. Енді ауыл тұрғындары баласын басқа жаққа тасуға мәжбүр.

«2024 жылға дейін істеді. Содан кейін ескі балабақшаға барып жүрміз, үйден алыстап кеттік. Балаларымызға ойнағанға ыңғайлы еді, жөндеп берсе дұрыс болар еді», – деді Мойынқұм ауданының тұрғыны Мадина Аманжол.

 Бөбекжай апатты деп танылған соң, балабақша ұжымы жеке нысанды жалға алған. Қазір 170-ке жуық жуық бүлдіршін мен 41 қызметкер сауда үйін паналап жүр. Сол үшін жергілікті әкімдік жеке кәсіпкерге ай сайын 2 миллион теңге төлеп отыр.

«Өзіміздің ғимарат болған жақсы ғой. Өйткені қазір жалға алып отырмыз. Амал жоқ, бос орын жоқ. Бала көп, сыймайды», – деді «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Самал Нағашыбаева.

Ал аудандық білім бөлімінің басшысы апатты балабақшаны қайта жөндеуге жарамды деп отыр. Сол үшін ғимаратты қайта сараптамадан өткізген. Ал оның қорытындысы жыл соңына дейін белгілі болады.

«Сараптама қортындысы шыққаннан кейін аудан әкімдігінің балансынан алынып, облыстық білім басқармасына өтетін болады. Алдағы уақытта күрделі жөнделмесе де, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліліп, балалардың игілігіне беріледі», – деді Мойынқұм аудандық Білім бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашов.

 Қажетті қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары келер жылы басталады.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Әділдік қайда: Павлодарлық ата-аналар тәрбиешіге қатысты сот үкіміне наразы