Тәрбиешінің бүлдіршіндерді қатыгездікпен ұрып-соққан әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп, қоғам назарын бірден аударған еді
Павлодардағы балабақшалардың бірінде бүлдіршіндерді ұрып-соғып, қорлаған тәрбиеші жазадан құтылып кетуі мүмкін. Осылай шағымданған ата-аналар жазаны қатаңдатуды талап еткенімізге қарамастан, апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды деп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Дүрліктірген даулы оқиға №116 балабақшада болған. Тәрбиешінің бүлдіршіндерді қатыгездікпен ұрып-соққан әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп, қоғам назарын бірден аударған еді. Тергеу мәліметінше, айналдырған 1 айдың ішінде аядай ғана бөбекжайда 16 бала аяусыз таяқ жеген. Жұдырығы жуан тәрбиеші өз кінәсін мойындап, мұны жүктілік кезіндегі көңіл-күйінің тұрақсыздығынан деп түсіндірген. Аталған іске қатысты сот әйелге 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда жазаны өтеуді 5 жылға кейінге шегерген. Зардап шеккен балалардың ата-аналары апелляциялық шағым түсіргенімен, сот үкімді өзгеріссіз қалдырыпты.
«Павлодар облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 17 сәуірдегі үкімі өзгеріссіз қалдырылсын. Прокурордың апелляциялық өтініші, кәмелетке толмаған жәбірленушілердің өкілдері мен олардың адвокаттарының апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын», – деді Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұрат Солтыбаев.
Бұл шешіммен ата-аналар келіспейді. Себебі сотталған әйел кейінге қалдыру мерзімі ішінде өзін жақсы жағынан көрсетсе, тағайындалған жаза күшін жоюы әбден мүмкін. Сонымен қатар сот тағайындаған әр балаға берілуі тиіс 300 мың теңге көлеміндегі моральдық өтемақы ата-аналардың дәрігерлік шығындарын жабуға жетпейтін көрінеді. Ал оның мөлшерін көбейту туралы өтініш қанағаттандырылмаған.
«Ең бастысы, олар оның кәмелетке толмаған балаларын ескерді. Ал біздің балалар ше? Осы ақша олардың психикасын қалпына келтіре ме? Біз қайда бармадық: прокуратураға да, сотқа да, Жоғарғы сотқа да жүгіндік. Бірақ еш жерден қолдау көрмедік. Әділдік қайда? Көмек қайда?», – деді зардап шеккен қыздың анасы Ксения Нуриманова.
Апелляциялық шағымды қарау кезінде жәбірленушілердің өкілдері балаларда зорлық-зомбылықтан кейін ұйқысыздық, агрессияның күшеюі және шаштың түсуі пайда болғанын айтып отыр. Алайда қорғаушы тарап бұл уәждермен келіспейді. Сотталушының адвокаттары іс-материалдарында аталған салдардың тәрбиешінің әрекеттерінен кейін болғанын тікелей дәлелдейтін айғақ жоқ екенін алға тартады.
«Бұл жағдай болған кезде ата-аналар ауруханаға жүгінген. Қазір барлық медициналық жүгінулер электронды түрде тіркеледі, сондықтан олардың күндері міндетті түрде көрінеді. Біз кассациялық шағым берген кезде барлық қажетті анықтамалар мен құжаттарды қоса ұсынамыз»», – деді заң кеңесшісі Дәурен Қосдәулетов.
Апелляциялық соттың шешімі шыққанымен, ата-аналар бұл іске нүкте қоюға ниетті емес. Олар тағайындалған жаза жасалған әрекеттің ауырлығына сай келмейді деп есептейді. Алдағы уақытта кассациялық шағым түсіріп, істі соңына дейін жеткізуді көздеп отыр.
Ербол Медетбек. Әсия Серікова, Әділхан Муталяпов, Павлодар
Оқи отырыңыз: Курьерлік жұмыстың артында ауыр қылмыс жасырылуы мүмкін - полицейлер дабыл қақты