Бюллетеньдер сайлаушыларға алдын ала таратылып жатыр: Нұрлан Әбдіров ақпаратты жоққа шығарды

13.03.2026 18:25

Ертең – референдум алдындағы тыныштық күні

Ертең – референдум алдындағы тыныштық күні. Бұл күні кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынады. Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің сөзінше, бұрын ілінген үгіт материалдары алынып тасталмайды. Алайда оларды таратуға немесе қайта жариялауға рұқсат жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Конституцияның жаңа жобасы бойынша өтетін референдумға бір күн қалды. Ертең – маңызды дата алдындағы тыныштық күні. Яғни, бүгін үгіт аяқталады. Ертең және рефрендум өтетін күні ешқандай насихат жүргізуге болмайды. Ал заң талаптарын бұзғандар әкімшілік жауапкершілік арқалайды. Сонымен қатар референдум күні қоғамдық пікір сауалнамаларын жариялауға да тыйым салынады. Орталық референдум комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік сауалнама жүргізу ережелеріне тоқталды.

«Дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пункте қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады. Сауал салуды учаскелік комиссиясының шыға берісінде және тиісті түрде Орталық референдум комиссиясын хабардар еткен заңды тұлғалар жүргізе алады», – деді Орталық референдум комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік.

Үгіт-насихат жүргізу кезінде заң 54 рет бұзылған. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов айтты. Сөзінше, заңды елемегендер туралы деректер құзырлы органға жолданған. Сондай-ақ сауалнама жүргізуге қатысты заң талаптары 26 рет сақталмаған.

 «Оның ішінде 24 бұзушылық онлайн платформаны пайдаланушылар, ал 2 бұзушылықты интернет басылымдар жіберген. Барлық анықталған заң бұзушылықтар қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнамалар және олардың нәтижелерін орналастыруға қатысты болды», – деді ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров «бюллетеньдер сайлаушыларға алдын ала таратылып жатыр» деген ақпаратқа «бұл қауесет» деп пікірі білдірді. Сөзінше, дауыс беру қағазы қатаң есепке алынатын құжат және олардың әрқайсысының жеке реттік нөмірі бар.

«Оларды Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері  күзетіп, өңірдегі комиссияларға жеткізеді. Сосын үш күн немесе бір күн қалғанда осы аралықта учаскелерге тікелей апарылады. Әрі қарай жаңағы қызметкерлермен бірге және ол сол жерде күзетке тапсырылады», – деді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Қандай жағдайда референдум өтпеді деп есептелінеді? Бұл сұраққа Нұрлан Әбдіров жауап берді. Сөзінше, Конституцияға сәйкес, тізімдегі сайлаушылардың 50 пайыздан астамы дауыс беруі керек. Ал өңірлердің кемінде үштен екісінде 50 пайыздан астам қатысушы келіп, олардың тең жартысынан көбі қолдауы тиіс. Егер бұл талаптар орындалмаса, референдум өтпеді және халық қолдамады деп есептеледі.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Алматыда коалиция мүшелері мұғалімдермен кездесті