Бұрын да ереже бұзған: СҚО-да жолаушының өліміне себепкер болған жүргізуші сотталады

Полиция Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша тергеу бастады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстан облысында адам өлімімен аяқталған ауыр жол-көлік оқиғасы тіркелді, — деп хабарлайды Almaty.tv.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, көлік жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, жол жиегіне шығып кеткен. Соның салдарынан темір тұлпар аударылып, көлік ішінде болған 50 жастағы әйел ауыр жарақаттардан оқиға орнында көз жұмды.

Құзырлы орган өкілдерінің хабарлауынша, көлік иесі бұған дейін де жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда бұл жолы оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, қатаң жаза қолданылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тиісті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. СҚО Полиция департаменті анықтау басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Темірбеков істің құқықтық бағасы туралы былай деді:

«Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды. Аталған құқықбұзушылық Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сараланады. Бұл баптың санкциясы бойынша кінәлі деп танылған тұлға 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», — деп мәлімдеді Жеңіс Темірбеков.

Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жолда сақ болуға және жылдамдық режимін қатаң сақтауға шақырады.

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысындағы ірі қант зауытының құрылысы тоқтап қалды

Новости партнеров