Елімізде сыртқы көші-қонның оң сальдосы сақталып отыр
2025 жылы Қазақстанға тұрақты тұруға 23 761 адам келді, ал кеткендердің саны 7 608 адамды құрады. Сыртқы көші-қонның сальдосы оң – 16 153 адам. Осылайша елімізде қатарынан үшінші жыл көші-қонның оң сальдосы байқалып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылмен салыстырғанда Қазақстаннан кеткендер саны 40,2% азайды, елге келгендер саны 18,9% кеміді.
Негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүрген. Достастық елдеріне барлық келушілердің 81,8% және кеткендердің 71,8% тиесілі. Басқа елдердің ішінде Қытайдан, Моңғолиядан және Германиядан келгендердің саны көп болса, кеткен елдер арасында азаматтар Германия, Польша және АҚШ-қа көбірек көшкен.
Келгендердің басым бөлігі тұрақты тұру үшін еліміздің өңірлері арасында Алматы облысын – 5 754 адам, Алматы қаласын – 4 068 адам және Маңғыстау облысын – 3 562 адам таңдаған.
Елден кеткендердің көбі Қарағанды облысынан – 1 451 адам, Алматы қаласынан – 757 адам және Шығыс Қазақстан облысынан – 685 адам көшіп кеткен.
Шетелден кеткендер мен келгендердің негізгі үлесі 35-39 жас аралығындағы азаматтар. Елден кеткендер және келгендер арасында техникалық және экономикалық білімі бар адамдар саны басым.
2024 жылымен салыстырғанда ел ішіндегі көші-қон 13,6% өсті. Өңірлер арасында еліміздің 4 аймағында халық көші-қонының оң айырмасы байқалып отыр: Астана (87 459 адам), Алматы (33 126 адам), Шымкент (15 130 адам) қалалары және Алматы облысында (12 110 адам).
Оқи отырыңыз: Қалта ұрлығының алдын алу: Алматыда полиция тұрғындарға жадынама таратты