Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендерге арналған қанша орталық бар

Соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты қылмыс деңгейі екі есеге азайыпты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Былтыр елімізде құзырлы органдарға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 100 мыңға жуық хабарлама келіп түскен. Зардап шеккендердің 80 пайызы - әйелдер. Соңғы 5 жылда көрсеткіштердің айтарлықтай жақсарғанына қарамастан, отбасындағы жанжал мәселесі әлі де күрделі болып отыр. Бұл ретте дағдарыс орталықтарының жұмысын ерекше атап өту керек. Алматыда 9 мекемесі жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған "Жан-Сая" дағдарыс орталығы 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда жергілікті бюджет есебінен тегін көмек көрсетіледі. 8 қызмет түрі бар. Балаларын ертіп келгендер мұнда жайлы баспанамен қамтамасыз етіледі. Әйелдер психологтар мен заңгерлердің көмегіне жүгіне алады.

"Біздің орталықтан жарты жылда 50 шақты адам көмек алып шығады. Бүгінге дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған 2 000-ға жуық әйелге жәрдемдестік. Оның ішінде балалар да бар. Ал ел бойынша орналасқан дағдарыс орталықтары 500 мың адамға көмек көрсетуге қауһарлы. Баспанадан бөлек, олар кеңес ала алады", - деді Дағдарыс орталығының директоры Зүлфия Байсақова.

Мұнда келген әйелдердің алдымен жеке басы анықталады. Одан соң қажетті көмек көрсетіледі. Жалпы, орталықтан 8 бағыт бойынша қызмет алуға болады. Онда медициналық жәрдемнен бастап балаларды мектепке, балабақшаға орналастыру да бар.

"Оларға медициналық педагогикалық, психологиялық, экономикалық, тұрмыстық және еңбек қызмет түрі кіреді. Орталықта біз әйелдерді арнайы стандартқа сәйкес қабылдаймыз. Стандартқа сәйкес әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны ретінде тағайындалуы керек", - деді әлеуметтік қызметкер Зүлфия Омарова.

Зорлық-зомбылыққа көз жұма қарайтындар көбіне оны қалыпты жағдай деп түсінеді дейді мамандар. Олар құқығы тапталып, жәбір көргендер бірден арнайы органдарға хабарласып, мамандардың көмегіне жүгіну керек дейді.

"Әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бей-жай қарауы мүмкін ақпараттың аздығынан шығар. Немесе бұл жағдай ол адамға қалыпты болып көрінуі мүмкін. Егер әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналса, көмек алу үшін бірден тиісті органдарға жүгінуі керек", - деді дағдарыс орталығының психологі Гүлжанар Қалауова.

Күйеуінен қорлық көрген Марияның орталыққа келгеніне бір ай болыпты. Оны ұрып-соғып, балаларымен бірге үйден қуып шыққан. Далада қалған әйел орталықты паналауға мәжбүр болыпты. Қазір мұнда барлық қажетті көмек көрсетіліп жатқанын айтады.

"Күйеуім мені қуып жіберді. Мен далада қалдым. Алдымен мені әлеуметтік қызметкерлер алып кетті. Одан соң осында алып келді. Маған мұнда психологиялық және басқа да көмек көрсетілді. Мұндай орталықтардың барына рахмет. Мен үшін бұл үлкен қолдау болды", - дейді қала тұрғыны Мария Беликова.

Жалпы, соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты қылмыс деңгейі 2 есеге азайыпты. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық 39 пайызға қысқарған. Ал зардап шеккен әйелдерге көмек көрсетуде дағдарыс орталықтарының үлесі зор. Ел бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған 39 мекеме жұмыс істейді екен.

Олжас Омарбек, Владислав Иващенко, Рашидин Якупов, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматының қоғамдық орындарында алғаш рет 24 дербес кітапхана орнатылды

Новости партнеров