Әдемі өмірдің құны: «Әділдік алаңының» жаңа шығарылымы

Almaty.tv
Almaty.tv

 Отбасы қажеттілігі, мүмкіндігі және болашағы арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтауға болады?

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Almaty TV» телеарнасы заманауи қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – қаржылық сауаттылыққа, несиеге жауапкершілікпен қарауға және адамның қажеттілігі, қаржылық мүмкіндігі мен жеке жауапкершілігі арасындағы тепе-теңдікті сақтауға арналған «Әділдік алаңы» бағдарламасының жаңа шығарылымын ұсынады.

Бүгінде көптеген қазақстандық үшін несие даму құралы болудан қалып, күнделікті қаржылық қиындықтарды шешудің амалына айналып барады. Үй жөндеу, емделу, білім алу, тұрмыстық техника сатып алу немесе келесі жалақыға дейін жету қажеттілігі адамдарды жиі қарыз алуға мәжбүрлейді. Сонымен қатар қаржылық шешімдерге әлеуметтік қысымның да ықпалы артып келеді. Әлеуметтік желілерде көрсетілетін «табысты өмірдің» үлгісіне сай болуға ұмтылу да көпшіліктің несие алуына әсер етіп отыр.

Бағдарламаның жаңа шығарылымында сарапшылар шамадан тыс несие алуың неге тек экономикалық емес, әлеуметтік мәселеге де айналғанын талдайды. Психологтар өзгелерден қалмауға деген ұмтылыс адамның қаржылық қиындыққа, созылмалы күйзеліске, тіпті отбасылық жанжалдарға әкелуі мүмкін екенін түсіндіреді. Мамандар несие рәсімдемес бұрын әр адам өзіне «Бұл шынымен қажеттілік пе, әлде жай ғана эмоцияға берілген қалау ма?» деген сұрақты қоюы керек екенін айтады.

«Несиенің кең таралуына әлеуметтік желілер де әсер етіп отыр. Адам өзін өзгелермен салыстырып, өзіңне көңілі толмай тұрады. "Менде де сондай зат болуы керек", "Мен де сондай киім киюім керек" деген ой туындайды. Бұл – өзгелермен тең болуға деген эмоциялық қажеттілік. Ал қаржылық қиындықтар немесе отбасындағы мәселелер пайда болған кезде несие жүктемесі жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Сондықтан несие алар алдында сізді не жетелеп тұрғанын, шынайы қажеттілік пе, әлде жай ғана қалау ма, соны анықтап алған жөн?» - дейді психолог-психотерапевт Бақытгүл Манасова.

Бағдарлама авторлары экспресс-мониторинг бюросы жүргізген зерттеу нәтижелерін де ұсынады. Оған сәйкес, қазақстандықтардың шамамен 73 пайызының несиесі бар. Қарыз алушылардың басым бөлігі бір немесе бірнеше несиені қатар төлеп жүр. Ал көптеген отбасы ай сайын табысының едәуір бөлігін несие өтеуге жұмсайды. Сарапшылар несие жүктемесінің шамадан тыс болуы қандай қауіп төндіретінін, сондай-ақ жұмыссыз қалу, сырқаттану немесе бағаның өсуі адамның қарыз тұзағына түсуіне қалай әсер ететінін түсіндіреді.

«Көптеген адам қарыз бен несиеден шыға алмай жүр. Сондықтан біз қаржылық білім мен қаржылық тәртіп туралы көбірек айтуымыз керек. Сонда ғана халықтың шамадан тыс несиелену деңгейін төмендетуге болады. Мұның қауіптілігі – үлкен несие жүктемесі бар адамның экономикалық белсенділігі төмендейді, ол экономикалық айналымнан шеттей бастайды. Ең қауіптісі, адамның өтей алмайтыны белгілі болса да, оған несие беру. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар бүгінде жиілеп кетті», – дейді экономист Бекнұр Кисиков.

Бағдарламада мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларына да ерекше назар аударылады. Көрермендер халықтың шамадан тыс несиеленуін азайту үшін қандай тетіктер жұмыс істеп жатқанын, жеке тұлғалардың банкроттығы қалай рәсімделетінін, тұтынушылық несиелерді беру кезінде қандай шектеулер енгізілгенін және алдағы жылдары қарыз жүктемесіне қатысты қандай жаңа талаптар күшіне енуі мүмкін екенін біле алады.

Мемлекет азаматтардың ауыр қарыздан шығуына мүмкіндік беру үшін жеке тұлғалардың банкроттығы институтын енгізді. Қазақстанда бұл рәсімнің үш түрі қарастырылған: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. 2026 жылы соттан тыс банкроттық рәсімі шамамен 7 миллион теңгеге дейінгі берешегі бар, мүлкі жоқ әрі қарызын 12 ай бойы өтемеген азаматтарға қолданылады.

Бағдарламада сондай-ақ ел тұрғындарының несие, бөліп төлеу және жеке қаржылық жауапкершілік туралы пікірлері беріледі. Сауалнамаға қатысушылар өз тәжірибесімен бөлісіп, қарыздың қай кезде пайдалы құралға айналатынын, ал қай жағдайда күрделі мәселеге ұласатынын айтады.

– Жастау кезімде банкте несие менеджері болып жұмыс істедім. Адамдар кез келген нәрсеге несие алатын. Мен ең «нашар» менеджер болдым десем болады, өйткені көп жағдайда несие бермейтінмін. Себебі олар ақшаны не үшін алатынын нақты түсіндіре алмайтын. Мәселе несиеде емес. Мәселе – адамның өз ақшасын, уақытын және өмірін қалай басқаратынында.

– Барлығы адамның өзіне байланысты. Егер ол бұл ақшаны із-түзсіз жоғалатын дүниеге жұмсайтын болса, онда несие расымен тұзаққа айналады. Ал ақылмен пайдалана білсе, оны неге көмек деп санамасқа?

Бұл – сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың пікірі.

Шамадан тыс несие алу мәселесі бүгінгі қазақстандық қоғам үшін ең өзекті тақырыптардың бірі болып қала береді. «Әділдік алаңы» бағдарламасының авторлары бұл мәселені сарапшылардың пікірі, нақты өмірден алынған оқиғалар және мемлекет ұсынған қолдау тетіктері арқылы жан-жақты талдауға тырысады. Өйткені қаржылық сауаттылық, қарыз қаражатына жауапкершілікпен қарау және саналы шешім қабылдау – әр отбасының әл-ауқаты мен қоғамның тұрақты дамуының маңызды кепілі.

Оқи отырыңыз: Балалық шақтың орнын басқан экран: «Әділдік алаңы» бағдарламасының жаңа шығарылымы