Цифрлық бақылау мен кеден жүйелері салық пен кеден төлемдерін қалай тиімді етті

23.01.2026 14:39

Премьер-министр Қаржы министріне бірқатар тапсырма берді

Аlmaty.tv

Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде өткен Қаржы министрлігінің фискалдық саясатын дамыту және ақпараттық жүйелерді цифрландыру мәселелері жөніндегі кеңесте Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов тапсырылған салық декларациялары мен берілген шот-фактуралар ашықтыққа жол ашып, заңсыз схемаларды анықтауға мүмкіндік беретінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мысалы, Астанада кассалық тәртіпті бұзған салық төлеушілерді іріктеу бойынша пилоттық жобада 121 мың салық төлеушіден 55,9 мыңы заң бұзғаны анықталды.

Сол сияқты Маңғыстау облысында энергетикалық компаниялар мен ЖШС қызметінде сәйкессіздіктер, ал Алматыда мемлекеттік келісімшарттар бойынша жалақыны ұлғайту фактілері анықталды.

Биометриялық сәйкестендіру модулі 17,4 мың тәуекелді кәсіпорынды тіркеп, 30 млрд теңгеге ЭШФ заңсыз шығару мүмкіндігін тоқтатты. Сонымен қатар «Цифрлық ҚҚС» модулі ҚҚС-ны ашық және бақыланатын қайтаруды қамтамасыз етеді.

"Keden ақпараттық жүйесі транзиттік декларацияларды рәсімдеу уақытын 30 минуттан 10 минутқа дейін қысқартуға, сондай-ақ іргелес бақылаушы қызметтермен өзара іс-қимылды автоматтандыруға мүмкіндік берді. 2025 жылы бюджетке қосымша 115 млрд теңге сомасында кедендік төлем түсті", - деп атап өтті ведомство басшысы.

Сонымен қатар ЭЫДҰ (CRS) шеңберінде 80 елмен, АҚШ (FATCA) және ТМД-ның 5 елімен резиденттердің кірістері мен шетелдегі мүліктері туралы мәліметтерді автоматты түрде алмасу бойынша интеграциялар жүргізіліп, шамамен 6 млрд теңге көлемінде салық түсімі қамтамасыз етілді.

Премьер-министр мемлекеттік органдарға цифрландыру бойынша жұмыстарды бақылауда ұстауды, жергілікті деңгейде реформаларды енгізуді, ақпараттық жүйелерді серверлік қуаттармен қамтамасыз етуді және Ұлттық тауарлар каталогін электрондық сауда алаңдарында кеңейтуді тапсырды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда салық рәсімдері цифрлық микросервистік жүйеге көшірілді