Цифрлық дәуір мамандары: Алматыдағы жетекші университеттердің бірінде жаңа факультет ашылды
Биыл жаңа факультетке 800-ден астам студент қабылданған
Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде «Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект» факультеті ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мұнда енді цифрлық технологияны еркін меңгерген ІТ-мамандары мен осы бағытта білім беретін педагогтар даярланады. Тәлім алушылар бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде 5 білім беру бағдарламасы бойынша білім алады. Биыл жаңа факультетке 800-ден астам студент қабылданған. Ал еліміздегі алғашқы жоғары оқу орындарының бірі саналатын білім ордасы биыл 6 700-ге жуық бірінші курс студентіне есігін айқара ашыпты.
«Еліміздегі ең алғашқы педагогикалық университеттің жетекші жоғарғы оқу орны ретінде педагогтарды даярлап отырмыз. Сондықтан да оларды жасанды интеллектінің оқу процесінде пайдалануға қатысты мамандарды даярлау – негізгі міндетіміз», – деді Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры Бану Нарбекова.
«Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект» факультетінің құрылуы – заман, нарықтың талабы. Сондықтан факультет Президентіміздің тапсырмасымен құрылды деп айтсақ болады. Биыл 800-ден астам студент қабылданды», – деді Абай атындағы ҚазҰПУ Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті деканының м. а. Зухра Әбдиахметова.
Оқи отырыңыз: Интернетке көшу үрдісі: BBC сарапшысы телеарналардың болашағы туралы пікір білдірді