Интернетке көшу үрдісі: BBC сарапшысы телеарналардың болашағы туралы пікір білдірді

Астанада Ұлттық медиа ассоциациясының «Цифрлық бәсекелестік жағдайындағы телевизия: даму перспективалары» конференциясы өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандағы жарнама нарығының төрттен бірі телевизияға тиесілі. Бұл телеарналардың ірі тапсырыс берушілер үшін әлі де маңызды алаң екенін көрсетеді. Алайда цифрлық платформалардың қарқынды дамуы телевизия алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Аудитория өзгеріп жатқан кезде телеарналар бәсекеге қабілеттілігін қалай сақтайды? Осы мәселе Астанада өткен Ұлттық медиа ассоциациясының «Цифрлық бәсекелестік жағдайындағы телевизия: даму перспективалары» конференциясында талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елдегі жарнаманың шамамен 25 пайызы телеарналар арқылы таралады. Сондықтан нарықтағы кез келген өзгеріс бұл салаға тікелей әсер етеді. Әсіресе фастфуд пен қанты көп өнімдерді жарнамалауға қатысты шектеулер талқыланып жатқан тұста, мәселе өзекті. Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі телеарналарға мемлекеттік қолдау жалғасатынын айтты.

«Агрессивтік жарнама көбінесе әлеуметтік желіде жарияланады. Әрине, телеарнада да бар. Бірақ үлесі көп емес. Нақты айтарым, мәселе бойынша уәкілетті орган БАҚ-ты, телевизия саласын қолдайды», – деді ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов.

Сондай-ақ жиында отандық телеарналардың цифрлық кеңістіктегі дамуы да талқыланды. Ұлттық медиа қауымдастығының төрағасы Кемелбек Ойшыбаевтың айтуынша, бүгінде телеарналар дәстүрлі эфирмен қатар, әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларға бейімделген жаңа форматтарды белсенді меңгеріп келеді.

«Телеарналар диджитал бағытын жақсы меңгеріп келе жатыр. Кейбір телеарналар арнайы подкасттар ашып жатыр. Белгілі компанияның Орталық Азиядағы ресми өкілінің мәліметі бойынша, 2025 жылдың қорытындысына сай YouTube-та қаралатын өнімнің 60 пайызы телеарналардың дайындаған өнімі», – деді Ұлттық медиа қауымдастығының төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.

Жиынға шетелдік медиа сарапшылар да қатысты. BBC-дің дистрибуция және бизнесті дамыту жөніндегі аға менеджері Надя Винокур цифрлық салаға қатысты пікір бөлісіп, Ұлыбританияның телевизия нарығындағы өзгерістерге тоқталды. Оның сөзінше, бүгінде көрермендердің көбі контентті интернет-платформалар арқылы көріп отыр.

«BBC-дің пайымдауынша, алдағы 10 жыл ішінде телевизияның барлығы интернет арқылы жеткізілетін форматқа көшуі мүмкін. Біздің жоспарымыз, дәлірек айтқанда, мақсатымыз – түптің түбінде эфирлік телевизияны өшіріп, контентті тек интернет арқылы ұсыну. Бірақ бұл телевизия жойылады деген сөз емес. Дәстүрлі телевизия форматы мен тікелей эфир әлі де маңызды. Тек контентті жеткізу тәсілі интернет арқылы жүзеге асады», – деді BBC дистрибуция және бизнесті дамыту жөніндегі аға менеджері Надя Винокур.

 Бұдан бөлек, конференция барысында телеарналардың жаңа маусымға дайындығы таныстырылды. Биыл «Алматы» телеарнасы да көрерменге жаңалықты жаңа форматта ұсынуды жоспарлап отыр. Эфир заманауи цифрлық технологиялармен толықтырылып, 3D-графиканы студияда көрсету тәсілі қолданылмақ. Бұл жаңалықты неғұрлым түсінікті әрі жедел жеткізуге мүмкіндік бермек.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: «Оқитын ұлт»: Алматыда Қала күніне орай екінші кітап беру пункті ашылды