Цифрлық қауіп: интернет қолданушылары нені білуі тиіс

11.09.2026 20:58

Қазақстан киберқауіпсіздік бойынша ТМД-да көш бастады

Қазақстан киберқауіпсіздік саласында ТМД елдері арасында көш бастап тұр. Алайда дербес деректерді цифрлық кеңістікте қорғау мәселесінде халықтың сауаттылығын арттыру әлі де өзекті. Себебі бүгінде қауіп тек компанияларға емес, интернет қолданушыларына да төніп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда азаматтардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігінің қорғалуына басымдық беріліп келеді. Соңғы жылдары осы салада бірқатар маңызды шара жүзеге асып, тиісті тетіктер заңнамалық тұрғыда бекітілді. Жүйелі қадамдардың нәтижесінде еліміз киберқауіпсіздік жөнінен ТМД мемлекеттері арасында көш бастады.

«Қазақстан Халықаралық электр байланысы одағының киберқауіпсіздік рейтингінде Tier 2 деңгейіне көтерілді. Бұған дейін еліміз Tier 3 санатында болған. Бұл – киберқауіпсіздік саласындағы ауқымды жұмыстың нәтижесі. Қазақстанда азаматтардың деректерін және маңызды инфрақұрылым нысандарын қорғауға бағытталған заңнамалық база қалыптасқан. Соның арқасында еліміз халықаралық рейтингтерде жоғары көрсеткіштерге ие болып отыр», – деді Ақпараттық технологиялар және киберқауіпсіздік саласының сарапшысы Дәурен Салипов.

Дегенмен бұл салада шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – халықтың киберқауіпсіздік жөніндегі сауаттылығын арттыру.

«Әрдайым қырағы болу керек. Ешкімге құпиясөздеріңізді айтпаңыз. Банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы құпиясөз немесе SMS арқылы келген кодты айтуды сұрамайды. Оның үстіне, біз өзіміз де интернетке, instagram-ға суреттерімізді жариялау арқылы алаяқтарға ақпарат береміз. Олар туыстарымызды, жақындарымызды біліп алады. Сондықтан алаяқтардың бізге жету жолын барынша қиындату керек», – деді Ақпараттық технологиялар және киберқауіпсіздік саласының сарапшысы Дәурен Салипов.

 Сарапшылардың айтуынша, интернеттегі қауіп-қатер түрленіп, алаяқтардың әрекет ету тәсілдері де өзгеріп отырады. Сондықтан мамандар азаматтардың цифрлық ортада барынша сақ болуға кеңес берді.

«Біріншіден, мемлекет азаматтардың деректері мен қауіпсіздігін қорғауға басымдық беруі керек. Екіншіден, ақпараттық жүйелерді үнемі бақылап, уақытында жаңартып, қорғанысын күшейту қажет. Сондай-ақ киберқауіптерді тұрақты бақылап, ықтимал шабуылдарға алдын ала дайын болған маңызды. Бұл ретте әр азамат өз деректерінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, жеке ақпаратын қорғауы тиіс», – деді киберқауіпсіздік маманы Евгений Питолин.

Айта кетейік, конференция кеше басталып, бүгін жалғасын тапты. Алғашқы күні қауіпсіздікке салынатын инвестициялар мәселесі де сөз болған.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Дубайға конкурсқа апарамын: Астанада бір топ ата-ананы алдаған ер адам ұсталды

Толық көрсету