Цифрлық кеңістіктегі заңсыздық: депутат әлеуметтік желідегі треш-стримдер үшін жауапкершілікті күшейтуді талап етті

Құрылтайдың бүгінгі отырысы шамамен 50 минутқа созылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді мінберден туысын құттықтаған депутаттар жазаланады. Ал ережені елемейтіндердің әрекетін әдеп жөніндегі кеңес қарап, тиісті бағасын береді. Этика бұзғаны анықталса, жиналысқа қатыстырылмайды. Тіпті жалақысынан айырылады. Бүгін Құрылтайдың жаңа регламенті қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv.  

Құрылтай мінбері – туыс-туғаныңды туған күнімен құттықтайтын радио хабар емес. Ол – халықтың өзекті мәселелері ашық айтылатын, салмақты сөз бен нақты ұсыныс таразыланатын орын. Сондықтан жаңадан құрылатын әдеп жөніндегі кеңес әр депутаттың іс-әрекетін май шаммен қарайтын болады. Әдептен озғандар жазасыз қалмайды. Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, депутаттың жауапкершілігі мінбермен ғана шектелмейді. Қызметтен тыс уақытта да этика сақтауы тиіс. Ешкімнің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуі керек. 

«Әдепті бұзған депутатқа қатысты бірнеше тәртіптік шара көзделген. Біріншісі – ескерту, екіншісі – депутаттың көпшілік алдында кешірім сұрауы. Сонымен қатар депутатқа Құрылтай отырыстарының бірінде сөз беруге тыйым салынуы мүмкін. Бұдан бөлек, үш отырыс бойы сөз бермеу және депутатты отырыстан шығару сияқты шаралар да қарастырылған», – деді ҚР Құрылтай депутаты Дания Еспаева.

Регламентте Құрылтай отырыстарының ашық өтетіні және тікелей эфирде көрсетілетіні жазылған. Депутаттар әр сессияда кемінде екі рет өңір халқымен кездеседі. Оларға он күнге дейін уақыт беріледі. Ал заң жобалары үш оқылымда қаралады.

«Концепциясы бірінші оқылымда талқыланады. Бірінші оқылымға шығару үшін комитет 90 күннен асырмау керек. Ал енді бірінші және екінші оқылым арасында депутаттардың ұсыныстары, түзетулері  жан-жақты зерттеледі, қаралады. Екінші, үшінші оқылымның арасында тек 15 күн бар. Мұнда  заңдардың бір-біріне сәйкестігі қаралады», – деді ҚР Құрылтай депутаты Снежанна Имашева.  

Құрылтайдың бүгінгі отырысы шамамен 50 минутқа созылды. Күн тәртібінде тек жаңа регламентті қабылдау болды. Одан кейін 10 депутат Үкіметке сауалын жолдады. Мәселен, Жарқынбек Амантайұлы «әлеуметтік желілердегі треш-стримдерге қатысты жауапкершілікті күшейту керек» деп санайды. Сөзінше, тікелей эфирде балағат сөз айту, адамды қорлау, ар-намысына тию және қауіпті пранктер ұйымдастыру жиілеп барады.

«Стримерлердің кейбірі әдейі жасайды. Себебі дөрекі әрі арандатушы контент көп қаралым жинаса керек. Ал қаралым лайк пен донатқа, кейде жарнамадан түсетін табысқа ұласады. Сөйтіп заңға қайшы әрекет кей жағдайда ақша табудың құралына айналып отыр.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамның ортақ құндылығына айналдыру қажет екенін бірнеше рет айтты. Ендеше, заң мен тәртіптің талабы цифрлық кеңістікте де бірдей қатаң әрі нақты орындалуы керек», – деді ҚР Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы.

 Көпқабатты тұрғын үйлерді басқару жүйесінде қордаланған мәселе аз емес. Депутат Смышляева мүлік иелері бірлестіктерінің жұмысы, баспаналардың техникалық жағдайы, күрделі жөндеу және тұрғын үй қорын цифрландыру жайын көтерді. Ол Үкіметтен апатты үйлерді дер кезінде анықтап, жөндеу жұмыстарын реттеуді және тұрғын үйді басқаруға арналған бірыңғай цифрлық жүйе құруды сұрады.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Еспаева депутаттардың сауалы турасында: Құрылтай басшылығы ешқандай шектеу қоймайды