Ұлдана Мырзуанның ісі: сот отырысында тың дерек пайда болды
Тұрғын үйді бұған дейін басқарған тұлғаларға қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін қасбеті опырылған тұрғын үйді бұған дейін басқарған тұлғаларға қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Әбуов мәлімдеді. Ол үйдің бұрынғы басқарушыларына Қылмыстық кодекстің 254-бабы, яғни «міндеттеріне адал қарамау» дерегі бойынша іс қозғау жөнінде рапорт беріп, аталған құжатты сот материалдарына қосуды сұрады. Ал қасбеттің опырылуына жылдар бойы қордаланған құрылыс ақаулары себеп болыпты. Сотта жауап берген сарапшы Дмитрий Воробьев осылай дейді.
«Көпқабатты үйдің қасбетінің құлауына бірнеше фактордың жиынтығы себеп болды деп айта аламын. Ал басты себеп құрылыс кезінде жіберілген олқылықтардың салдарынан кірпіш қабаттарының арасы ажырап, беріктігін жоғалтқан. Осыдан қасбет опырылып түскен. Мұның барлығы – ғимарат бой көтерген кезде кеткен өрескел кемшіліктер», – деді құрылыс компаниясының сарапшысы Дмитрий Воробьев.
Оқи отырыңыз: Көлік орны үшін жанжал: Шымкентте қарт адамды өлтірген күдікті ұсталды