Елімізде жаңа Конституция мен Құрылыс кодексі күшіне енеді, ортақ QR-код пен цифрлық әскери шақыру іске қосылып, Ресейге кіру ережелері өзгереді
Жаздың ортасы Қазақстан азаматтары үшін қоғамдық-саяси, құқықтық, экономикалық және цифрлық салалардағы бірқатар түбегейлі өзгерістермен ерекшеленбек. Елімізде жаңартылған Негізгі заң өз күшіне еніп, құрылыс салушылар үшін талаптар күшейтіледі, сондай-ақ күнделікті тұрмысты жеңілдететін жаңа технологиялық сервистер іске қосылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Айдың басты тарихи оқиғасы — 2026 жылғы 15 наурызда жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ресми түрде өз күшіне енуі. 1 шілдеден бастап жаңартылған құжат қолданысқа еніп, 1995 жылғы ескі Конституция өз күшін жояды.
Елдің Бас заңының кіріспесінде мемлекеттік құрылыстың мызғымас принциптері нақты бекітілген: унитарлық, мемлекеттік шекараның қолсұғылмаушылығы, аумақтық тұтастық және заң үстемдігі. Егемендік пен тәуелсіздік өзгермейтін құндылықтар деп жарияланып, биліктің бірден-бір бастауы Қазақстан халқы болып қала беретіні атап өтілді.
Мемлекеттік аппаратты реформалаудың негізгі бағыттары:
1 шілдеден бастап республикада ретсіз құрылыстарды жоюға және қауіпсіздікті қатаң бақылауға бағытталған мүлдем жаңа Құрылыс кодексі жұмысын бастайды. Енді барлық қала құрылысы жобалары, соның ішінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары (ЕЖЖ) міндетті сараптамадан өтеді, ал оларды түзетуге екі жылда бір реттен жиі емес рұқсат етіледі. Әрбір салынып жатқан нысанға бірегей сәйкестендіру нөмірі беріліп, құрылысты бақылау мемлекеттік қала құрылысы кадастры арқылы автоматтандырылады. Кодексте сейсмикалық қауіпсіздікке және сейсмоқауіпті аймақтардағы құрылыс талаптарын күшейтуге ерекше мән берілген.
Сонымен қатар, бас жоспарларды әзірлеу ережелері де өзгереді: оларды қаржыландыру енді тек жергілікті бюджеттер есебінен жүргізіледі (инвесторлар үшін сирек жағдайларды қоспағанда). Жобаларды халықпен қоғамдық талқылау ашық болады — әкімдіктер сайттарында арнайы айдар ашып, ашық жиналыстар өткізуге және талқылауға кемінде 50 адамды тартуға міндетті. Сондай-ақ, құрылыс кезінде елді мекендердің бірыңғай дизайн-коды, ғимараттардың қабаттылығы мен сәулеттік стилі қатаң ескеріледі.
Қаржы саласындағы көптен күткен жаңалық 19 шілдеге жоспарланған: Қазақстанда бірыңғай банкаралық QR-код жүйесі толық іске қосылады. Сатып алушылар тауарлар мен қызметтерді бір кликпен төлей алады, сондай-ақ еліміздің кез келген банктерінің клиенттері арасында телефон нөмірі арқылы аударымдар жасай алады.
Қорғаныс саласы да цифрлық форматқа көшуде. 4 шілдеден бастап әскерге цифрлық жүйе арқылы шақыру ережелері күшіне енеді. Әскери комиссариаттар шақырылушылар туралы барлық мәліметтерді мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау арқылы алып, электронды есепке алу карталарын қалыптастырады. Ал 12 шілдеден бастап медициналық куәландыру қорытындысы бойынша шақыру комиссияларының барлық шешімдері тек ЭЦП-мен бекітіліп, электронды түрде рәсімделеді.
Мектеп түлектері үшін маңызды кезең 13-20 шілде аралығында өтеді — осы күндері білім беру гранттарының конкурсына құжаттар қабылданады. Өтініштерді жоғары оқу орындарында офлайн форматта да, eGov порталы арқылы онлайн да беруге болады. Болашақ талапкерлерге стандартты пакеттен бөлек (жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, аттестат, 3×4 фотосурет), «Ұшу аппараттары мен қозғалтқыштарын ұшуда пайдалану» мамандығына түсушілер үшін дәрігерлік-ұшу сараптамалық комиссияларынан қосымша медициналық тексерістен өту талап етіледі.
Сонымен қатар, Ресей Федерациясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жұмыс істеу немесе оқу мақсатында баратын қазақстандықтар үшін елге кіру ережелерін өзгертеді. Енді ҚР азаматтары алдын ала «Госуслуги RuID» мобильді қосымшасына тіркеліп, шекарадан өтпес бұрын кемінде 72 сағат бұрын электронды өтініш жіберуі тиіс, содан кейін жүйе рұқсат беретін дербес цифрлық кодты қалыптастырады.