Cу үнемдеу технологиясы: өңірлерде қандай шаралар атқарылуда

20.06.2025 13:35

Түркістан облысында  «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр

Almaty.tv

Жетісу облысында вегетациялық кезең тұрақты негізде өтуде. Өңір әкімі Бейбіт Исабаев су қоймаларының орташа толу деңгейі 70%-ды құрайтынын, барлық егіс алқабы егіндік сумен қамтамасыз етілгенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Биылға жоспарланған 1 млрд м3 су көлемінің 250 млн м3 мөлшері шаруаларға берілді. Қалған көлемді маусымның соңына дейін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

«Өңірде су үнемдеу технологиялары мен әдістері белсенді қолданылуда. Сегіз жаңа су қоймасын салу жоспарда бар. Бір бөгет салу жобасы дайындалды. Ислам даму банкі арқылы екі жоба жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, екі жоба республикалық бюджеттен және тағы екеуі жергілікті бюджеттен қаржыландырылады», — деп атап өтті Бейбіт Исабаев.

Ал Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр, сондай-ақ «Боралдай» жобасының жұмысы басталды. Осы жобалар аяқталғаннан кейін «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн м3 су жіберіледі деп күтілуде, бұл суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуді айтарлықтай арттырады.

Сонымен қатар өңірде Ордабасы мен Сауран аудандарында қосымша су қоймалары іске қосылады, бұл тәулігіне 194 м3 дейін су беруге мүмкіндік береді.

«Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 890 мың гектарға, өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға артық егілді. Оның ішінде, суармалы алқап 552,0 мың гектарды құрайды. Егістікке қажетті ағын су көлемі фермерлердің сұранысына сәйкес бөлінеді. Вегетациялық маусым басталды және қалыпты деңгейде өтіп жатыр», — деп атап өтті Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов вегетациялық кезеңде су тәуекелдерін басқару жөніндегі өңірлік штабтар құруды тапсырды