Әли Жолшыбектың туыстарының айтуынша, ақ халаттылар апта бұрын асқазаны ауырған баланы толық тексерістен өткізбеген
Жамбыл облысында ауруханада көз жұмған 6 жастағы баланың ісін полиция тергейтін болды. Қайғылы жағдай Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бақилық болған 6 жастағы Әли Жолшыбектың туыстарының айтуынша, ақ халаттылар апта бұрын асқазаны ауырған баланы толық тексерістен өткізбеген. Үй жағдайында емделу үшін ем жазып берген көрінеді. Тек құсуы жиілеп, бас ауруы үдеген соң ғана ауруханаға жатқызған. Бірақ 3 күннен соң бала жан тапсырған.
«Күндіз бас дәрігер бар, ееге бәрі көрмейді? Неге консилиум жасамайды. Неге баланы жансақтау бөлісіне жатқызбайды? Неге тек креон, аскорбинкамен шектейді?» – деді марқұмның әжесі Ақжамал Қойлыбаева.
Марқұмның туыстары «ауруханаға жатқызғанымен дұрыс ем жасалмады. Баланың асқазанын шаюдың орнына, тек алғашқы көмек көрсетті» деп отыр.
«Маған әділдік керек. Аурухананы толық тексерсін. Неге дәрі жоқ? Дисоль, трисоль жоқ. Қалай не істерімді білмей, қара халықтан көмек сұрадым», – деді марқұмның әпкесі Асылай Есеналиева.
Ал аурухана басшылығы ем хаттамаға сай жүргізілгенін айтты. Қазаны баланың өт жолындағы ауруымен байланыстырып отыр.
«Хаттамаға сәйкес алған ем нәтиже бермеді. Өкінішке қарай, балалар бөлімшесінде науқас көз жұмды. Қазіргі таңда тергеу тексеру жұмыстары жүргізіп жатыр. Сот сараптамасың нәтижесін хабарлаймыз», – деді Т. Рысқұлов аудандық ауруханасының бас дәрігері Дәулет Ахметбеков.
Ауруханада қызметтік тексеріс басталып кетті. Сараптама нәтижесі шықса, құзырлылар іске қылмыстық баға бермек.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: 8 айда 88 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық жасалды