Дәрігердің орнын ChatGPT баса ала ма: халықаралық зерттеу нәтижесі таныстырылды

Жиырма мемлекеттің ішінде Қазақстан бірінші орынға шықты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жасанды интеллектіден медициналық кеңес алу деңгейі бойынша еліміз сауалнамаға қатысқан жиырма мемлекеттің ішінде бірінші орынға шықты. Бұл туралы Алматыда таныстырылған халықаралық зерттеу нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Фармацевтикалық компанияның тапсырысымен жүргізілген зерттеуге 19 мыңнан астам адам қатысқан. Сауалнама қамтыған елдерде денсаулық мәселесінде жасанды интеллектіні пайдаланатындардың орташа үлесі – 55 пайыз. Ал Қазақстандағы көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары. Жасанды жады көмегіне жастармен қатар, аға буын өкілдері де жиі жүгінеді. Мәселен, елімізде 55 жастан асқан респонденттердің 61 пайызы бұл технологияны қолданатынын жеткізген. Әйтсе де, емдеу жоспарын әзірлеуді жасанды интеллектіге толық сеніп тапсыруға қазақстандық қатысушылардың небәрі 7 пайызы ғана дайын көрінеді.

«Ауырып қалған кезде Гуглдан қараймын. Қазір әртүрлі қосымшалар бар ғой. Содан ашып, "бұл жағдайда не істеу керек немесе не қабылдау керек?" деп сұраймын. Көбінесе дұрыс жауап береді, бірақ кейде аздаған қателіктер де кетіп жатады», – деді қала тұрғыны Айман Ескендірова.

«Дәрігер профилактикасын жазып береді. Сосын жасанды интеллектіден "мына дәріні қалай ішеді?" деп нақтылап алған дұрыс. Бірақ оған қатты сенуге болмайды деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Тұрсынай Елтай.

«ChatGPT өміріміздің бір бөлігіне айналды ғой. Тек шыдамай ауырған кезде ғана дәрігерге барамын, ал қалған уақытта ChatGPT көмектеседі», – деді қала тұрғыны Нұрзат Серікбай.

Зерттеуде өзін-өзі емдеудің себептері де жан-жақты қарастырылған. Қазақстандық респонденттердің 94 пайызы кей жағдайда дәрігерге жүгінбей, өз бетінше емделуді құптайды. Көбі бұрын көмектескен дәрі-дәрмек пен әдістерге сүйенеді. Ал сауалнамаға қатысқандардың 41 пайызы дәрігер қабылдауын ұзақ күткісі келмейтінін айтқан. Сонымен қатар ақылы қабылдауға қаржысы жетпейтіндер де бар. Мұндай шешімнің салдары да жоқ емес: қазақстандық қатысушылардың 15 пайызы өз бетінше емделуден зардап шеккенін жеткізген.

«Өз бетінше емделудің ең жеңіл салдары – қабылдаған еміңіздің ешқандай нәтиже бермеуі. Жиі кездесетін үш жағдайды атап өтуге болады: суық тию мен тұмау, жеңіл ауырсыну және ішек жұмысының бұзылуы. Меніңше, халықтың 99 пайызының үйіндегі дәрі қобдишасында мұндайда қолданатын қарапайым дәрілер бар. Мұндай жағдайда алғашқы белгілерді өз бетінше жеңілдетуге болады. Бірақ белгілер үш күннен ұзақ сақталса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет», – деді фармацевтикалық компанияның бас директоры Наталья Гарипова.

«Бүгінгі таңда біз мұны "қызыл жолаушы" деп атаймыз. Егер жүрегіңіз ауырып тұрса, жасанды интеллект диагноз қоймай, бірден дәрігерге хабарласыңыз деп айтуы тиіс. Ақыр соңында сіз жасанды интеллектіні тыңдап, соның айтқанын істеген кезде бір жағдай орын алса, оған ешкім жауап бермейді», – деді ЖИ саласындағы сарапшы Аят Әсемов.

Чат-боттан жауап алу үшін санаулы секунд жеткілікті. Ал дұрыс ем таңдау үшін науқастың шағымын, ауру тарихын және тексеру нәтижелерін бірге бағалау қажет. Сондықтан жасанды интеллект берген кеңесті міндетті түрде дәрігермен талқылаған жөн. Бұл ретте сарапшылар медициналық көмектің қолжетімділігі де маңызды екенін алға тартып отыр.

Айжан Дайрабай, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алматыда онкологияны емдеуге арналған препараттар қалай өндіріледі