Дәрігерлер ашқарынға жеуге болмайтын тағамдарды атады

25.01.2026 17:31

Мамандар әсіресе ащы әрі бұрыш қосылған тағамдарды мүлде тұтынбауға кеңес береді

Depositphotos.com

Ашқарынға ащы, қышқыл және тәтті тағамдарды тұтыну асқазанға кері әсер етіп, түрлі дерт туындатуы мүмкін. Нутрициолог дәрігерлердің айтуынша, мұндай тағамдар асқазанның шырышты қабатын тітіркендіріп, ас қорыту жүйесінің жұмысын бұзуы ықтимал, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мамандар әсіресе ашқарынға ащы әрі бұрыш қосылған тағамдарды мүлде тұтынбауға кеңес береді. Мұндай ас асқазанның шырышты қабатын зақымдап, қабындырып жіберуі мүмкін. Сонымен қатар тәтті тағамдар - печенье, торт, кәмпит пен қант мөлшері жоғары сусындарды да ашқарынға жеуге болмайды. Дәрігерлер айтуынша, бұл глюкоза алмасуын бұзып, ағзаға зиян келтіреді. Оның орнына күрделі көмірсуларды таңдаған жөн, себебі олардан келетін пайда әлдеқайда жоғары.

Сондай-ақ ашқарынға алкогольді ішімдіктерді, шырындар мен фрештерді ішпеген жөн. Бұл сусындар асқазанның шырышты қабатын тітіркендіріп, қандағы глюкоза деңгейінің күрт көтерілуіне себеп болуы мүмкін.

Ал онколог мамандар ащы тағамдар мен өте ыстық сусындарды үнемі тұтыну өңештің шырышты қабығын тұрақты түрде жарақаттайтынын айтады. Ал бұл созылмалы қабынуға әкеліп, жасушалардың өзгеру қаупін арттырады. Қабыну салдарынан шырышты қабық жиі қалпына келуге мәжбүр болып, жасушалардың шамадан тыс бөлінуі мутация ықтималдығын күшейтеді.

Мамандар маринадталған және сірке суы қосылған консервіленген өнімдерге де ерекше назар аударады. Мұндай тағамдар асқазан-ішек жолдарының шырышты қабатын қатты тітіркендіріп, жоғары концентрацияда химиялық күйікке дейін жеткізуі мүмкін.

Дәрігерлер ащы, өте ыстық тағамдар мен маринадтарды тұтынуды шектеу онкологиялық аурулардың даму қаупін азайтуға көмектесетінін атап өтті.

Дереккөз: radio1.ru

Оқи отырыңыз: Көктайғақ кезінде сақ болыңыз: тұрғындар мен жүргізушілерге ескерту жасалды