Елдегі дәрілердің 84 пайызы шетелден әкелінеді - депутат

04.06.2025 20:02

Соңғы 10 жылда елімізде небәрі екі-ақ препарат тіркеліпті

Соңғы 10 жылда елімізде небәрі екі-ақ препарат тіркеліпті. 4 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалғанына қарамастан, дәрі-дәрмектің біреуі Ұлттық дәрілік формулярға енгізілмеген. Бұл туралы Мәжілісте жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Отандық фармацевтика мемлекеттік қолдаудан кенде емес. 2022-2024 жылдары салаға берілген преференциялардың көлемі 148 миллиард теңгеге жеткен. Соған қарамастан өзімізде өндірілетін дәрі-дәрмектер саны екі есе азайып кеткен. 89 отандық өндірушінің тек 2 пайызы ғана дәрі шығарады. Еліміздің бас аудиторы Әлихан Смайыловтың айтуынша, біздегі өндіріс дәріден гөрі, медициналық бұйымдарды көптеп шығарады. 

«Отандық тауар өндірушілерден сатып алудың жалпы көлемінің өсуіне қарамастан, отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектер ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайған. Басқаша айтқанда, отандық тауар өндірушілер өндірісі жеңіл медициналық бұйымдар шығаруды ұлғайтқанымен, елімізде өндірілетін дәрі-дәрмектер саны қысқаруда», – деді ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов.

Смайылов дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында проблемалардың барын ашық айтып отыр. Былтырдан бастап жүргізілген екі аудиттің қорытындысы бойынша 741 миллион теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар анықталса, 32 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған. Елдегі дәріханалардағы дәрілердің 84 пайызы шетелден әкелінеді деп дабыл қаққан депутат Асхат Аймағамбетов препараттардың балама түрлері болмағандықтан, олардың жоғары бағада сатылып жатқанын айтты. Сондай-ақ ол логистикалық инфрақұрылымы жоқ деп СҚ-Фармацияны сынға алды.

«СҚ-Фармацияға келсек, бірыңғай дистрибьютордың логистикалық инфрақұрылымы жоқ. Логистиканың 90 пайызы үш компанияның қолында. Осындай монополизация логистикалық шығындардың 1,5 есе өсуіне ықпал еткен. СҚ-Фармацияның үстеме бағасы, комиссиясы деп те айтуға болады -7%. Бұл қосымша салық сияқты, бір бөлігін шығындарына пайдаланса, бір бөлігі пайда ретінде, бір бөлігі дивиденд ретінде бюджетке қайтарылады. Бұл да парадокс», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Депутат Мұрат Әбенов те Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдеріне шүйлікті. Айтуынша, дәрі-дәрмектің құны мемлекеттік сатып алу шартында басқаша көрсетілсе, дәріханада мүлде басқа сандар деп ашуланды.

«Мен жаңа виктозаны қарадым. Мемлекеттік сатып алу. Биыл 47000 теңге. Қазір аптекада 16000 теңге тұр. Сіздің кезінде. СІз қазір қол қойып отырсыз актіге. Сіз қаржы бөліп отырсыз. Бір ғана компанаия шығарды. Ол жерде басқаша айту мүмкін емес. Тек бір жерде ғана шығады. Бірақ мемлекеттік орган 47 мың теңгеге сатып алады. Ал жеке компания 16 мың теңгеден сатып әкеледі. Қалған ақша кімнің қалтасына кетті? Министрлікте тікелей қатысы бар, СК-Фармацияның да қатысы бар», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов.

Әлихан Смайылов мәжілісмендерге 5 іс Бас прокуратураға жолданғанын айтты. Жалпы салада кемшіліктер көп. Мәселен,дәрілерге қосылған үстеме баға зауыттық құннан 172 пайызға дейін жеткен. Ал ол препараттың әртүрлі дәріханадағы бағасы 5 есеге дейін өзгеріп отырады. Депутаттар мемлекеттен миллиардтар бөлініп жатса да, халық бағасы қолжетімді, сапалы дәрі-дәрмекке жете алмай отырғанын айтып қынжылды.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Елімізде дәрі-дәрмек бағасы арзандауы мүмкін