Далаға шығудан қалдық: Түркістан облысында шіркей көбейіп кетті

Қазынадан 1,4 млрд теңге қаржы бөлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысында шіркей елдің мазасын қашырды. Әсіресе, Көксарай су қоймасы мен Сырдарияның жағасындағы елдімекен тұрғындары зиянкестердің көбейіп кеткенін айтып дабыл қағуда. Ал жауаптылар «шіркеймен күресті күшейттік» дейді. Қазынадан 1,4 млрд теңге қаржы бөлінген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлеуметтік желіде кең тарап кеткен видео Отырар ауданындағы Балтакөл ауылында түсірілген. Мұнда шіркейдің қаптап кеткені сонша жұрт далаға шығудан қалған. Қазір аталған ауданда 30 маман мен 11 техника жұмыс істеп жатыр. Зиянкестердің шоғырын анықтауға тіпті биолог-мамандар да көмектеседі. Отырар ауданынан бөлек, Арыс қаласы мен Шардарада 11 ошақ анықталған.

 «Жыл басынан зерттеуді бастаймыз. Дернәсілдердің даму сатылары болады. Соған қарап нұсқаулық береміз. Бүгін дәрілеу жұмыстарының 7-кезеңін бастағалы отырмыз», – деді биолог-маман Гауһар Кемелбекова.

Дәрілеу екі түрлі әдіспен жүргізіледі. Біріншісінде биологиялық тәсілде препаратты суға араластырып, өзенге құяды. Мамандардың айтуынша, оның төрт түлік пен адамдарға әсері жоқ. Яғни арнайы тәжірибеден өткен. Шіркейлер одан азаймаса, химиялық әдіс қолданылады. Бұл кезеңде препараттар ауыл ішіне, елдімекендерге шашылады.

«Егер биологиялық дәрілеуден шіркей қалса, химиялық әдіс қолданылады.  21 сәуірденбастап әр ауылға  дәрілеу жұмысы жүргізілуде. Ол үшін 20-дан аса техника жұмылдырылған», – деді Энергетика, тұрғын үй шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков

Айта кетейік, жұртты зәрезап еткен мәселе бірнеше жылдан бері қайталанып келеді. Сондықтан облыстық әкімдік зиянкестерге қарсы нәтижесіз күресіп жатқан мердігерге қатаң талап қойып отыр. Егер дезинфекция жұмыстары бұл жолы ойдағыдай болмаса, бюджеттен қаржы бөлінбейді. Ал жауаптылар заң аясында жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: СҚО-да игі іс жасаған баланың ата-анасына айыппұл салынды

 

 

Новости партнеров