Абай және Рысқұлов даңғылдарын, Саин, Солтүстік айналма және Тілендиев көшелері Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзартылып жатыр
Алматыда радиалды магистральдарды Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шаһар әкімі Дархан Сатыбалды облыстық әкімдіктің жауапты басқарма басшыларымен кездесіп, жер телімдерін сатып алу, жобалық-сметалық құжаттаманы жаңарту, сондай-ақ аталған нысандарды кейін қала аумағына беру жайын талқылады. Одан соң жобаны жүзеге асырып жатқан мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтау туралы пәрмен берді.
«Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма жолына дейін ұзартып жатырмыз. Құрылыс 2021 жылы мамырда басталды. Енді келер жылдың желтоқсанында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Әкімдік тарапынан ешқандай ескерту айтылмады. Керісінше құрылыс үшін сүру жұмыстарын жүргізуге көмектесеміз деп уәде етті», – деді мердігер ұйым директорының орынбасары Александр Елышев.
«Учаскенің ұзындығы 4 шақырым. Қазір мұндағы жұмыс шамамен 45 пайызға аяқталды. Сәйкесінше, 55 пайызы қалды. Барлығын уақытылы сапалы тапсыруға тырысамыз», – деді мердігер ұйымның директоры Виталий Гринченко.
Айта кетейік, Абай және Рысқұлов даңғылдарын, Саин, Солтүстік айналма және Тілендиев көшелерін қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ мұндай шаруа ақын Сара көшесінде толық аяқталды. Бұл жобалар Алматы қаласы мен агломерациясы арасындағы үздіксіз көлік байланысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Оқи отырыңыз: Алматыда балаларды оңалту саласында инновациялық бағыт енгізілді