Дархан Жазықбай: «Жаңа заң мемлекеттік қызметтің философиясын түбегейлі өзгертеді»

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Жаңа «Мемлекеттік қызмет туралы» заң аясындағы реформалар мен мемлекеттік аппаратты цифрландырудың басты нәтижелері

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда мемлекеттік аппаратты жаңғыртудың мүлдем жаңа кезеңі басталды. Мемлекет басшысы қол қойған жаңа «Мемлекеттік қызмет туралы» заң тек құжаттық рәсімдерді ғана емес, саланың негізгі философиясын түбегейлі өзгертуді көздейді. Осы орайда, мемлекеттік қызметке енгізіліп жатқан ауқымды реформалар, жас мамандарды мектеп қабырғасынан даярлаудың жаңа тетіктері, кадрларды ынталандыру және жүйені толық цифрландыру бағытындағы маңызды қадамдар туралы кеңінен баяндалған эксклюзивті сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. Саладағы түйткілді мәселелер мен алдағы жоспарлар төңірегінде өрбіген өзекті сауалдарға «Almaty Tv» телеарнасының «Арнайы сұхбат» бағдарламасында Дархан Медеғалиұлы Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы жауап берген болатын.

«Расымен де, қолданыстағы заңнамалық актілер тек мемлекеттік қызметшілердің еңбек қатынастарын, қызметке кіру және оны өткеру мәселелерін ғана реттейді. Ал 2022 жылы Мемлекет басшысы мемлекеттік аппараттың адамға бағдарланған сервистік модельге көшуі қажеттігін айтып, Агенттік алдына нақты міндеттер қойған болатын. Осы орайда Президент бекіткен Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында біз жаңа заң жобасын әзірледік. Құжаттың басты ерекшелігі - мемлекеттік қызметтің миссиясы ретінде отаншылдық, адамға бағдарлану, адалдық пен әділдік қағидаттарын заңнамалық деңгейде бекіттік. Бұл ұғымдар бұрынғы заңда қамтылмаған еді. Сондай-ақ заң жобасы мемлекеттік аппараттың "мемлекет -адам үшін" тұжырымдамасына толық сәйкестендірілді. Мұның бәрі мемлекеттік қызметшілердің халыққа сапалы қызмет көрсетіп, сервистік аппарат ретінде қалыптасуына септігін тигізеді», — деді Дархан Жазықбай.

Қазіргі таңда мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 1 436 түрі бар. Егер азаматтардың құжаттары толық болмаса, өтінім бірден кері қайтарылмайды, оны толықтыруға арнайы уақыт беріледі.

«Ілгеріде өтініш берушімен тікелей байланыс орнатып, оған кеңес берудің өзі сыбайлас жемқорлық тәуекелі ретінде қабылданатын кездер болды. Біз осындай кедергілерді жою үшін бұл үдерісті заңнамалық деңгейде бекіттік. Яғни, артық бюрократияны шектеп, мемлекеттік аппаратты адамға бағдарлауды көздеп отырмыз», — деп атап өтті Дархан Жазықбай.

Мемлекеттік аппаратқа жаңа буынды тарту мақсатында елімізде алғаш рет «мемлекеттік қызметке даярлау институты» енгізілуде. Бұл жүйе дарынды жастарды мектеп қабырғасынан бастап іріктеп, оларды «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат», «Заң мен Тәртіп» құндылықтарына баулиды.

«Мамандарды арнайы даярлау институты — бұрыннан қалыптасқан тәжірибе. Кезінде басқару мектептері мен жоғары оқу орындарының жанында біліктілікті арттыру және даярлау институттары жұмыс істеген. Осы тәжірибені негізге ала отырып, біз жаңа заң аясында мектеп қабырғасындағы дарынды, білімді жоғары сынып оқушыларына арналған арнайы бағдарламалар әзірлеп жатырмыз. Бұл болашақта өмірін мемлекеттік қызметпен байланыстырғысы келетін, алған білімін ел игілігіне арнауды көздейтін жастар үшін үлкен тәжірибе мектебі болмақ. Осы бағдарлама арқылы олардың тұлғалық болмысы қалыптасып, мемлекеттік қызметтің мәнін, ондағы талаптар мен тәртіпті терең түсінуге мүмкіндік туады. Ең бастысы, біз жастарды Мемлекет басшысы айқындап берген "Әділетті Қазақстан", "Адал азамат", "Заң мен Тәртіп", "Таза Қазақстан" сияқты негізгі идеологиялық құндылықтарға баулимыз. Қазіргі таңда Ғылым және жоғары білім министрлігімен арнайы келісіміміз бар. Соған сәйкес, мемлекеттік қызметке қажетті мамандықтар бойынша жыл сайын 200 грант бөлінеді. Мектеп бітірген түлектер осы мүмкіндікті пайдалана алады», — деп түсіндірді Дархан Жазықбай.

Бағдарлама аясында жоғары оқу орнын бітірген жастар еңбек жолын бірден орталық аппараттан емес, жергілікті атқарушы органдардың төменгі лауазымдарынан бастап, 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеледі. Одан кейін үздік шыққандары Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасына жолдама алады. Сонымен қатар, кадрлық тұрақтылықты сақтау және білікті мамандарды жеке секторға жібермеу үшін жаңа заңға «көлденең өсу» (горизонталды мансаптық өсу) тәжірибесі енгізілді.

«Бүгінде біз нарықтық экономика жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Әрбір азамат үшін оның табыс деңгейі маңызды рөл атқарады. Кез келген маманды жұмысқа шақырғанда, ол ең алдымен еңбекақы мөлшері мен әлеуметтік пакетке мән береді. Біз мемлекеттік қызметшілерден адал еңбек етуді талап етеміз, демек, соған сай олардың лайықты әлеуметтік пакеті де болуы тиіс. Жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, мемлекеттік қызметте бір маман бір лауазымда орта есеппен 6 жылға жуық тұрақтайды. Осы мерзімнен кейін қызметкер алдында мансабын өсіру немесе мемлекеттік қызметтен кету таңдауы тұрады. Осы орайда, кадрлық әлеуетті және институционалдық жадыны сақтап қалу мақсатында біз жаңа заңға "көлденең өсу" (горизонталды мансаптық өсу) тәжірибесін енгіздік. Қолданыстағы жүйе бойынша жалақының өсуі тікелей лауазымның өсуімен байланысты. Мысалы, қазір бас маман болсаңыз, 4-5 жылдан кейін жалақыңыз артсын десеңіз, міндетті түрде бөлім басшысы, ал тағы біраз уақыттан соң басқарма басшысының орынбасары болуыңыз керек. Алайда, өз орнында отырып-ақ, өз ісін жетік білетін және тиімді жұмыс істейтін тәжірибелі мамандар бар. Енді жаңа жүйе бойынша, мұндай мамандардың жалақысы жыл сайын нәтижелігіне қарай белгілі бір пайызға (10%, 20%, 30%) өсіп отырады. Бұл "көлденең өсу" деп аталады. Сондай-ақ, егер қызметкер арнайы жобаларды жүзеге асырып, лауазымдық міндетінен тыс қосымша тапсырмаларды сапалы орындаса, бас маман бола тұра, бөлім басшысы деңгейінде жалақы алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл мемлекеттік қызметтегі кадр тұрақтылығын сақтауға септігін тигізеді. Бұл — мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі», — деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы.

Бүгінде еліміздегі барлық 94 мемлекеттік орган цифрлық іріктеу жүйесіне толық көшті. Конкурстардың онлайн форматқа ауысуы іріктеу мерзімін 30 күннен 5–7 күнге дейін қысқартты. «e-Qyzmet» платформасы азаматтарға тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн бойы қолжетімді.

«Біз бұл бастаманы пилоттық жоба ретінде 2020 жылдың наурыз айында 4 мемлекеттік органның қатысуымен бастаған болатынбыз. Бүгінде бұл үдеріс толық аяқталып, еліміздегі барлық 94 мемлекеттік орган цифрлық іріктеу жүйесіне көшті. Ендігі жерде конкурс толықтай онлайн форматта өткізіледі. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұрын іріктеуге қатысу үшін бір ай бұрын тест орталықтарына жазылып, ұзын-сонар кезек күтуге тура келетін. Сәтсіз аяқталған жағдайда үдерісті қайтадан басынан бастайтынбыз. Ал қазіргі цифрлық заманда уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. "e-Qyzmet" платформасы азаматтарға тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн бойы қолжетімді. Іріктеуден өткені туралы сертификат бір жылға жарамды. Қазіргі таңда платформада 900-ден астам бос жұмыс орны бар және хабарландырулар күнделікті жаңарып отырады. Егер бұрын бір конкурсты өткізуге 30 күн, кейіннен 21 күн кетсе, қазір бұл мерзім 5–7 күнге дейін қысқарды. Цифрландырудың басты артықшылығы да осында - конкурстар ашық әрі жедел өтеді», — деп нақтылады Дархан Жазықбай.

Сонымен қатар, Агенттік сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында қоғамдық сананы өзгертуге басымдық беріп отыр.

«Елімізде 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазіргі уақытта осы бағыттағы іс-шаралар сабақтастығын сақтау мақсатында жаңа кезеңге арналған тұжырымдама әзірленіп жатыр. Біз Мемлекет басшысы алға қойған "Әділетті Қазақстан", "Адал азамат", "Таза Қазақстан" идеологиялық құндылықтарына сүйене отырып, алдымызда тұрған міндеттерді осы құжат аясында жүзеге асырамыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес — тек бір ғана уәкілетті агенттіктің міндеті емес, бұл — бүкіл қоғам болып жұмылатын іс. Мысалы, "Қоғамдық пікір" зерттеу институты жүргізген тәуелсіз сауалнама нәтижесі бойынша, респонденттердің 69%-ы сыбайлас жемқорлықпен күресуге мүдделі екенін білдірген. Бұл — халықтың құқықтық санасының артқанын көрсететін өте жоғары әрі жақсы көрсеткіш. Демек, біздің басты мақсатымыз — қоғаммен бірлесе қимылдау. Қоғамның көзқарасы мен азаматтардың өзара қарым-қатынас мәдениеті өзгермейінше, жемқорлық деңгейін төмендету мүмкін емес. Қазіргі таңда Агенттік жұмысының негізгі өзегі — сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағартушылық қызмет. Біз түрлі еңбек ұжымдарымен кездесіп, оларға адалдық, әділеттілік және парасаттылық қағидаттарын түсіндірудеміз. Бұл құндылықтарды насихаттауды отбасылық тәрбиеден, ошақ қасынан бастау қажет. Себебі жемқорлыққа қарсы иммунитет үйдегі тәрбиеден қалыптасады. Жемқорлықты түпкілікті жою үшін, ең алдымен, қоғамның санасын тазартуымыз қажет», — деді Дархан Медеғалиұлы.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесі 38%-ды құрайды, ал қызметшілердің орташа жасы – 39 жас. Бір бос орынға таласатын үміткерлер саны 1,7-ден 7 адамға дейін өскен, бұл жастар арасындағы жоғары қызығушылықтың айқын дәлелі. Реформалар аясында жас мамандарға үлкен мүмкіндіктер ашылып отыр.

«Бүгінгі қоғамда "жастар мемлекеттік қызметке барғысы келмейді" деген пікір қалыптасқан. Бірақ мен бұл пайыммен мүлдем келіспеймін. Нақты деректерге сүйенсек, қазіргі таңда мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесі 38%-ды құрайды, ал қызметшілердің орташа жасы — 39 жас. Бұл мемлекеттік аппараттың айтарлықтай жасарып келе жатқанын көрсетеді. Қазіргі уақытта жас мамандар үшін мемлекеттік қызметтің есігі айқара ашық және мүмкіндіктер өте көп. Мысалы, ілгеріде бір бос жұмыс орнына орта есеппен 1,7 үміткерден келсе, қазір бұл көрсеткіш 7 адамға дейін өсті. Мұндай жоғары бәсекелестік — жастар тарапынан қызығушылықтың еселеп артқанының айқын дәлелі. Сондықтан ештеңеден қорықпай, үнемі өзгерістерге бейімделіп, жаңа дағдыларды меңгеруге ұмтылу қажет. Заманауи үрдістер өте жылдам дамып жатқандықтан, кешегі білім ертеңгі күннің талабына жауап бере алмауы мүмкін. Сол себепті күнделікті ізденіс пен үздіксіз білім алу — басты талап. Мемлекеттік қызмет — жастардың өз әлеуетін, білімі мен біліктілігін көрсетіп, тың идеяларын іс жүзінде жүзеге асыратын таптырмас мүмкіндіктер алаңы», — деп түйіндеді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы.

Жаңа реформалар мемлекеттік аппараттың халыққа қызмет ететін, ашық, әрі жоғары кәсіби деңгейдегі заманауи құрылымға айналуына кең жол ашып отыр.

Новости партнеров