DeFacto Media Hub: Алматыда жаңа инклюзивті медиа кеңістігі ашылды

05.02.2026 21:39

Жоба мүгедектігі бар жандарға мол мүмкіндік береді

Алматыда жаңа инклюзивті медиа кеңістігі ашылды. Енді физикалық мүмкіндігі шектеулі жандардың журналистика саласында тек теориямен шектелмей, нақты тәжірибе жинақтап, кәсіби тұрғыда шыңдалуына жол ашылды. Мегаполисте DeFacto Media Hub инклюзивті агенттігінің жұмысы көпшілікке таныстырылды. Жоба мүгедектігі бар жандарға мол мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгінде физикалық мүмкіндігі шектеулі жандардың екі қолға бір күрек табуы қиын. Олардың түрлі салада еңбек етуіне көбіне қабілетсіздік емес, қоғамдағы сенімсіздік пен қалыптасқан қатаң түсініктер бөгет болады.

DeFacto Media Hub – бұл кедергілерге жол бермей, керісінше, мол мүмкіндік ашатын бірегей жоба. Инклюзивті медиа алаңы 5 жылдан бері журналистер, PR мамандар мен сарапшыларды дайындап, жұмыспен қамтиды. Мұндағы қызметкерлер - ерекше қажеттілігі бар азаматтар. Олар сұранысқа ие, сапалы әрі қоғамдық мәні бар контент әзірлейді.

«Негізгі мақсатымыз – қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандарды ортаға тарту. Алматыда Талдықорғанға қарағанда дарынды жастар көп. Соған сай инклюзия жайлы қозғалуы керек мәселелер де көбейеді», – деді «Мейірім» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, жоба авторы Гүлвира Таубалдинова.

Жоба талдықорғандық Эльмира Смағұловаға медиа саласында еңбек етуге жол ашқан. Бүгінде ол тілші әрі редактор қызметін оқуымен қатар алып жүр. Ол инклюзивті ұжымдардың нәтижелі де бәсекеге қабілетті бола алатынына сенімді. Бүгінгі баспасөз жиынында команда өзекті жобаларын таныстырды. Инклюзивті журналистика мен PR бағытын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және бизнес өкілдерімен әріптестікті күшейту мәселелері назарда болды. Жоба авторларының пікірінше, инклюзивті медиа қоғамның көзқарасын өзгертіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға мол мүмкіндік ашады.

«Инклюзивті ақпараттық портал болғандықтан көбінесе әлеуметтік тақырыптарды қозғаймыз. Қала бойынша қандай жерлерге қол арбамен жүру ыңғайлы ма, ыңғайлы емес пе? Ауқымды бағдарлама, ақпараттық сюжеттер бар», – деді инклюзивті медиа-агенттігінің редакторы Эльмира Смағұлова

Енді Алматыдағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды шығармашылық ортаға тартуға мүмкіндік молайды. Орталық инклюзия тақырыбындағы жаңалықтармен қатар, шешімін таппай жүрген мәселелерді де кеңінен қозғайды. Келешекте медиа-агенттіктің филиалдарын еліміздің барлық қалаларында ашу көзделіп отыр.

Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов 

Оқи отырыңыз: Елімізде электр қуаты ел ішінде өндіріледі