Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді
Қазақстанда 2027 жылы энергия тапшылығы толықтай шешілмек. Қажетті көлемдегі электр қуаты ел ішінде өндіріледі. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ведомство басшысының айтуынша, энергетикалық инфрақұрылым жаңа деңгейге көтеріліп, алдағы жылдары республика аумағында үш жаңа жылу электр орталығы мен екі электр стансасы салынады.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, қазір көмір генерациясын дамыту жөніндегі Ұлттық жоба әзірленіп жатыр. Мұнда «таза көмір» технологиясына басымдық беріледі. Жоспарға жалпы қуаты 7,6 гигаватт болатын жобалар енгізіледі. Қазіргі таңда Көкшетау, Өскемен және Семей қалаларында жаңа Жылу электр орталықтарын салу үшін жобалау және құрылыс алаңдарын дайындау жұмыстары басталды», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Министрдің мәліметінше, қазіргі қолданыстағы инфрақұрылымның тозу деңгейі 60 пайыздан асады. Сол үшін биыл энергия блоктары, қазандықтар мен турбиналарға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар кей өңірлерде жаңа қуат көздері іске қосылады. Ал Алматыдағы жылу электр орталықтары толықтай газға көшіріледі.
«Қызылорда және Түркістан облыстарында жаңа бу-газ қондырғылары іске қосылады. Сондай-ақ Астана мен Шымкент қалаларында да маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, биыл Алматыдағы екі жылу орталығын газға көшіру жөніндегі маңызды экологиялық жоба аяқталады», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында келінін зорлады деп айыпталған ер адамға үкім шықты