Демалыс маусымы: Алматыда оқушылардың алғашқы легі «Өрнек» лагеріне аттанды

20.06.2025 15:34

Әкімдіктің мәліметінше, шаһарда 350 мыңға жуық мектеп оқушысы бар

Алматыда балалардың жазғы демалыс маусымы жалғасып жатыр. Қала оқушыларының алғашқы легі «Өрнек» лагеріне аттанды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Биыл жазғы тынығу науқаны қала билігінің ерекше бақылауына алынған. Әкімдіктің мәліметінше, шаһарда 350 мыңға жуық мектеп оқушысы бар. Соның 3 мыңы қала сыртындағы лагерьлерге жіберілсе, қалған 900-оқушылар сарайына қарасты «Өрнек» лагерінде демалады. Бұл топқа әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар да кіреді.

«Біздің негізгі міндетіміз – әрбір оқушының жазғы уақытын мазмұнды әрі толыққанды өткізуіне мүмкіндік жасау. Барлық баланы қала сыртындағы лагерьге жіберу мүмкін болмаса да, оқушылардың кемінде 95 пайызын түрлі жазғы іс-шараларға тартуды жоспарлап отырмыз. Балаларға арналған демалыс инфрақұрылымын дамыту – қала әкімдігінің басты басымдықтарының бірі», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Алматы мен Алматы облысында 20-дан астам қала сыртындағы лагерь жұмыс істеп тұр. Ал мектеп жанынан ашылғандарға 55 мың оқушы қатысып жатыр. Мұнда ыстық тамақ пен ойын-сауық бағдарламалары қарастырылған.

Айта кетейік, демалыс науқаны аясында қаладағы 17 колледждің қызметкерлері балаларға кәсіби бағдар береді.

«SOS кнопкасы – балалардың өміріне қауіп төніп тұрғанда басылатын кнопка. түйме. Бұл жерде бейне бақылау бар. Егер дауыс естілмеген жағдайда, видеодан барлығын көріп отырады. Дабыл тікелей Алматы қаласы Алмалы ауданындағы Полиция департаментіне тіркеледі», – деді тәлімгер Жанғали Маратұлы.

Оқи отырыңыз: Елімізде 1000 ауыл мектебінде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр